
Атырау облыстық мәслихатының кезекті XIX сессиясында маңызды мәселелер қаралды
Атырау облыстық мәслихатының кезекті XIX сессиясы өтіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімі Серік Шәпкенов, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен шақырылған мекеме өкілдері қатысты.

Сессияның алғашқы мәселесі – 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы. Бұл бағыт бойынша баяндама жасаған Экономика және қаржы басқармасының басшысы А.Әжіғалиева облыстың алдағы үш жылдық қаржылық мүмкіндіктері, негізгі шығын бағыттары және бюджет саясатының басымдықтарын таныстырды.

Одан кейін депутаттар 2025–2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы бұған дейін қабылданған шешімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Бұл да облыс экономикасындағы өзгерістерге сәйкес нақтыланды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыстық және аудандық, сондай-ақ Атырау қаласының бюджеттері арасындағы трансферттер көлемін белгілеу. А.Әжіғалиева бұл тетіктің өңірлер арасындағы қаржылық теңгерімді қамтамасыз етуде маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге Атырау облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Бұл құжат аймақтың әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының негізгі бағыттарын қамтиды.
Сессия барысында облыстың ортақ су пайдалану ережелерін бекіту мәселесі де көтерілді. Баяндамашы – Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы З.Төребаева бұл ережелердің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар толық бітірумен берілетін құрылыс нысандарының тізбесі бекітілді. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Кенжебеков аталған тізімнің аймақ инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызын түсіндірді.
Маңызды мәселелердің бірі – Мақат ауданы аумағында Шеңгелді ауылын құру жөніндегі ұсыныс болды. Бұл тақырып бойынша аудан әкімі А.Мамбетов баяндама жасады. Ауылдың құрылуы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға септігін тигізбек.

Сондай-ақ Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы туралы жаңа Ережені бекіту мәселесі қаралды. Баяндамашы – Атқарушы орган басшысы Н.Қоңыров ереженің айқындық пен тиімділікті арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Сессия қорытындысы бойынша депутаттар ұсынылған барлық мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін құжаттар мен бағдарламалардың бекітілуі — алдағы жылдарға бағытталған нақты жоспарлардың іске аса бастауын білдіреді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


