«Атырау мұнай және газ – 2016»: Экономиканың дамуы ғылымға тәуелді

Көрмеге әлемнің 100-ге жуық ірі компаниясы қатысуда


 

Кеше Атырауда «Атырау мұнай және газ – 2016» Солтүстік-Каспий аймақтық көрмесі басталды. Биыл 15-інші мәрте өтіп отырған шараға алыс-жақын шетелдерден, атап айтсақ, Әзербайжан, Германия, Дания, Қазақстан, Қытай, Нидерланды, Оман, Польша, Ресей, Түркия және Украинаның 100-ге жуық компаниясы қатысуда. Соның ішінде, атап айтсақ, Ембімұнайгаз, Теңізшевройл, Атыраумұнаймаш, Воткинск зауыты, КРОНЕ ірі компаниялары және басқа да көптеген мұнай өндіруші, сервистік, консалтингтік компаниялар, зерттеу институттары қатыстырылып отыр. Сонымен қатар, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері және Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігінің Елшілігі өз экспозицияларын ұсынуда.

ҚР Мұнай және газ министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК»  Атырау облыстық әкімдігінің ресми қолдау көрсетуімен өткізіліп отырған бұл көрменің ел экономикасы үшін маңызы аса зор. Себебі, дәстүрлі көрменің мақсаты – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне жаңа инновациялық жаңалықтарды енгізіп, сырттан инвестиция тарту. Сондай-ақ, отандық мұнай өндірушілер мен шетелдік мұнай компаниялары арасындағы серіктестікті дамыту болып табылады.

Мұнда көмірсутегі шикізатын өндіру мен өңдеуге арналған әлемдік деңгейдегі ең озық технологиялар және сервистік қызмет көрсететін компаниялар бар. Көрмеге келушілер антикоррозиялық жабындының, бұрғылаудың, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің инновациялық технологияларымен, мұнай өңдеуші кәсіпорындардың жабдықтарымен, көмірсутектерді тасымалдау және сақтау технологиясымен танысуға мүмкіндік алуда.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жүздеген экспонаттардың, ғылым өкілдерінің, өнеркәсіптің мұнай, мұнай өңдеу және газ салаларын өндіру мен басқару өкілдерінің басын біріктірген көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Ал, көрме аясында «Ренессанс» қонақ үйінде «Атырау мұнай және газ: ғылым, білім және өндіріс ықпалдастығы» тақырыбында өткен конференцияға саланың кәсіпқой мамандары, топ-менеджерлер, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, ұлттық компаниялардың салалық департаменттерінің, министрліктердің және Қазақстанның мұнай өндіруші облыстары әкімдіктерінің, инвестициялық қорлардың  жетекші мамандары, сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар мен ғылым қайраткерлері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Конференция барысында шағын және орташа кен орындарын пайдалану, мұнай түсімін арттыру, бұрғылау, өндіру және мамандарды даярлау, халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды.

«Көрме жұмыс тәжірибесін талдап қорытуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп, серіктестік байланыстарды әрі қарай нығайтуға, сұраныс пен ұсынысқа баға беруге мүмкіндік ашады, ал, конференция қазіргі проблемалардың бетін ашып, болашақты анықтайтын ақпарат алмасу алаңы болады», – дейді қатысушылар. Сондай-ақ, олар шара қорытындысында әріптестік келісім-шарттарға қол жеткізетіндеріне сенімді.

Көрме әлі екі күнге созылады.

(Көрме жөнінде толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді  түсірген: Ерлан  АЛТЫБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз