«АТЫРАУҒА» ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛМЕДІ

Футболдан кезекті ел маусымының аяқталуына санаулы күндер қалды. Сенбі күні жергілікті «Атырау» футбол командасы өз алаңында маусымдағы соңғы кездесулердің бірін тараздықтармен өткізді.

Ойын барысында жерлестеріміз қарсыластан қалыс қалып бара жатып, кейін намысты қолға жиып, есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіс голын да соға білді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, атыраулықтар алаңда өз мінездерін көрсете білді. 

Ойынның алғашқы таймында Айбар Нұрыбековтің белсенділігі айрықша болды. Оның қақпаға бағыттаған соққысына тараздықтар зорға төтеп беріп отырды. Алайда, төреші қақпашының қателігін байқап, 11 метрлік айыпдобын белгіледі. 

Есеп ашылды, Милош Трифуновичке бұл мүмкіндікті жүзеге асыруға еш қиындық келмеді. Бірақ, естерін тез жиған «Тараз» ойыншылары араға төрт минут салып есепті теңестірсе, кейін тағы да бір рет «Атырау» қақпасынан саңылау таба білді.

Екінші тайм алаң иелері үшін маңызды болды. Кездесудің 54-інші минутында Алексей Шакин есепті теңестірсе, кейін бір минут өтер-өтпесте тараздықтар қақпасына тағы бір доп соғылды. Бұл жолы ерекшеленген – Андрей Карпович. Есеп 3:2-ге жетіп,  «Атырау» алға шықты.

Кейінгі минуттарда ойында тартысты сәттер көп болғанымен, таблодағы есеп өзгермеді. Сөйтіп, жерлестеріміз алаңда кім қожайын екендігін іспен дәлелдей білді.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз