Атырауда студенттер универсиадасы мәреге жетті

Dostyi d nekeri Қоғам

Бір апта бойы Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің VI халықаралық спорттық ойындары қызық пен тартысқа толы болды.

Достық дәнекері

Универсиада ойындары қаламыздағы бірнеше спорттық нысандарда қатар өткізіліп, сайыстарды тамашалауға келген көрермендердің қарасы мол болды. Студенттер спорттың он түрі бойынша бәсекеге түсіп, Ресей, Иран Ислам Республикасы, Әзербайжан  елдерінің және Каспий өңіріндегі қазақстандық жастар жарыс жолында бақтарын сынады.

Медальдар жиынтығы алдымен су спортынан сарапқа салынды. Жарыстар 100, 200, 400, 800 метр қашықтықта өткізіліп, командалық есепте Ресейдің Астрахан қаласынан келген техникалық университет студенттері алдына жан салмады. Ал, екінші орынды  Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау мемлекеттік университетінің суда жүзу шеберлері иемденіп, қола медаль Ресейлік тағы бір құрама Астрахан мемлекеттік университетіне бұйырды.

Қызықты өткен жарыстың бірі – дзюдо күресі. Бұл спорт түрі бойынша ерлер арасында командалық есепте универсиада өткізуші оқу орнының командасы жеңімпаз атанып, Дағыстан университетінің балуандары екінші сатыдан көрінді. Үшінші орынды Атырау мұнай және газ университетінің жігіттері олжалады. Қыздар арасында да Атырау университетінің командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Шаршы тақтадағы шахмат ойындарына келсек, бұл сында ерлер арасында Қалмақ университетінің спортшылары ой елгезектігін танытса, Атырау мемлекеттік университетінің командасы екінші тұғырдан орын алды. Ал, Әзербайжан шахматшылары қола медальді місе тұтты. Осы спорт түріндегі бұрымдылар сайысындағы бәсекеде қалмақ қыздары атыраулықтарды екінші сатыда қалдырса, Гилян университетінен келген ирандық шахматшылар үшінші орыннан табылды.

Дүбірлі додадағы футбол жарысында жасыл алаң иелері финалда қалмақ жігіттерінен басым болды. Әзербайжан құрамасы қоланы еншіледі.

Тартысты өткен жарыстың қатарында бокс та бар. Халел бабамыздың атын иеленген оқу орнының жігіттері бұл сында қарсыластарынан басым түсті. Ал, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің боксшылары екінші сатыдан орын алды. Мұнайшыларды дайындайтын атыраулық университет спортшылары үшінші орынды қанағат тұтты.

Балықшы спорт кешенінде өткен үстел теннисі сайысында ерлер арасында дағыстандықтар жеңімпаз атанып, олар атыраулық қос жоғары оқу орны теннисшілерін артқа қалдырды. Қыздар бәсекесінде де таулық қыздар алда болып, әзербайжан сұлулары екінші сатыға табан тіреді.

«Мұнайшы» стадионында сонымен қатар, жеңіл атлетикалық жарыстар өткізіліп, жалпы есепте ерлер арасында Атырау мемлекеттік университетінің спортшылары қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Дағыстандықтар екінші, Астраханнан келген студенттер үшінші сатыға табан тіреді. Ал, қыздар сайысында дағыстандықтар – бірінші, астрахандықтар – екінші орын алды.

Каратэ-до жекпе-жек сайыстары «Нұрсая» спорт кешенінде өтіп, ерлер арасында  жергілікті университет жігіттеріне тең келер ешкім болмады. Бұл теке тірестерде Иран елінен келген каратэшілер екінші орыннан көрінді.

«Авангард» спорт кешенінде өткен баскетбол ойындарының қорытындысында атыраулық қос команданың ойыны өте тартысты өтіп, мемлекеттік университет студенттері жеңіске жетті. Бұл сайыста үшінші орын астрахандықтарға бұйырды.

Универсиадада көрермендер толастамаған спорт түрі – волейбол. «Жайық» кешенінде өткен ойындардың қорытындысында ерлер арасында алаң иелері  алтыннан алқа тақты. Қыздар бәсекесіндегі финалда Дағыстан бұрымдылары бәрінен басым түсті.

Каспий маңы жастарының басын біріктірген спорттық доданың жабылу салтанаты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорттық кешенінде өтті. Онда университет ректоры Абзал Талтенов және Ресей, Иран Ислам Республикасы, Әзербайжан елдерінің өкілдері сөз алып, универсиада турасындағы өз ойларын білдірді.

Жалпы командалық есеппен Универсиада барысында  32 алтын, 21 күміс, 16 қола медаль иемденген Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау мемлекеттік университетінің спортшылары бірінші орын алды. Ал, 17 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен  Дағыстан мемлекеттік университеті екінші сатыда болса, 6 алтын, 9 күміс, 4 қола алған Астрахан мемлекеттік техникалық университеті жүлделі үштікті түйіндеді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Ainaw

    как прекрасно что такие мероприятия имеют место быть, тем более вовлекая и других студентов с других стран, что позволяет нам показать наше гостеприимство и нашу страну, даже развивает туризм. круто!)