АТЫРАУ ЖҰРТЫ АРДАҚТЫСЫМЕН ҚОШТАСТЫ

10 қыркүйекте Атырау жұртшылығы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Оңайбай Көшекұлы Көшековті ақтық сапарға шығарып салды.

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратында марқұммен қоштасу рәсімі ұйымдастырылды. Оған қатынасып, еліне тұтқа болған ардақты жанның рухына тағзым етушілердің санында шек болмады.
Қоштасудың соңы қаралы жиынға жалғасты. Оны Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев ашып, Оңайбай Көшекұлының өнегелі өмір жолына тоқталды. Бұл оның отбасы, әулеті үшін ғана емес, марқұмды жақсы біліп, таныған барша атыраулықтар, құрметтеп, қадірлейтін жамағат үшін де қазалы да азалы сәт, ауыр күн болып тұрғанын жеткізді. Еліне елеулі бола білген біртуар тұлғаның қайтыс болуына орай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің атынан көңіл айту-жеделхаты келгенін қаперлеген Ғұмар Ислямұлы қаралы жиынға жиналғандардың алдында оны оқып берді.

-«Құрметті Көшековтер әулеті! Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты әкелеріңіз Оңайбай Көшекұлының қайтыс болуына байланысты, орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Оңайбай Көшекұлы қарапайымдылығымен, тәлімді тәрбиесімен бүгінгі ұрпаққа үлгі болды. Адалдық пен адамгершілікті ту етті. Абзал жанның жатқан жері жайлы, топырағы жеңіл, иманы саламат болсын!».
Қайғыға ортақтасқан осындай мазмұндағы жеделхаттар ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтан, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннен, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен, Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұловтан, кезінде жанұяларымен жақын араласқан жолдастары Есенжанов, Құбашев, Камалиденов, Мусин, Қуандықов және Тұяқовтар отбасыларынан келіпті.
Мағыналы ғұмыр кешіп, қарапайым малшыдан облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейінгі жолдан өткен, тоқсан жылға таяу өмір сүріп, абыз ақсақал жасына жеткен, мұнайлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне, мәдени-рухани жағынан жаңарып, қайта түлеуіне өзінің байыпты басшылығымен, пайым-парасатымен, даналық даралығымен өлшеусіз үлесін қосқан Оңайбай Көшекұлының көршілес Маңғыстау облысында да жұмыс жасағандығы, есімі ел асып, одаққа танылғандығы мәлім.
Осылайша, онымен партия-кеңес қызметінде ұзақ жылдар бойына үзеңгілес жүріп, абыройлы қызмет атқарған, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Есен Тасқынбаев, еліміз егемендігін еншілеп, тәуелсіз мемлекет танылған тұста әкім болып, облысты басқарған Равиль Шырдабаев, көршілес маңғыстаулықтардың атынан кезінде қызметтес болып, көзін көрген еңбек ардагері Дүйсенбі Әріпов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов те жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп, көңілге демеу болар сөздерін арнады.
Міне, осылайша атыраулықтар ардақтысын ақыреттік сапарға аттандырып, мәңгілік мекеніне шығарып салды.

Дәулетқали АРУЕВ,
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз