АТАУ БЕРУГЕ АТҮСТІ ҚАРАУҒА БОЛМАЙД

3 Облыстық ономастикалық комиссияның зерттеуі барысында Исатай ауданында біраз олқылықтар орын алған. Мәселен, көше атауларына қатысты мәліметтер ауданға қарасты барлық дерлік ауылдарда әлі күнге жүйеленбеген. Әсіресе, жергілікті тұлғалар есімдерімен аталатын көшелерге атаулар берілгендігі туралы құжаттар толық жинақталмаған. Тұщықұдық, Х.Ерғалиев селоларындағы жергілікті тұлғалар есімдерімен аталған 17, 13 көше атауларының құжаттары толық емес. Ономастика саласының қордаланған осындай мәселелері талқыға түскен облыстық комиссия отырысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Қилымғали Қайненов мәлімдеді.

– Аққыстауда он, Жанбай ауылында жеті көшеге есімдері берілген адамдар туралы да мәлімет тек бір парақ қысқаша өмірбаяннан тұрады. Сонымен қатар, Жанбайда Хамидолла Нәубетов атымен бір көше және ауылдағы мектеп аталады. Яғни, қайталануға жол берілген. Жаңа қабылданған заң талаптарына сәйкестендіру керек. Ал, аудан орталығындағы бір көшеге Бақтығали Ғұбайдуллиннің аты заңсыз берілгендігі, мекен-жай тіркелімі жүйесіне енгізілмегендігі, тіл бөлімінде, Аққыстау селолық округінде ондай көше атауы туралы дерек тіркелмегендігі анықталды. Тіпті, 35 үйдің қабырғасына аталмыш азаматтың аты жазылған көше сілтемелері де ілініп қойылған. Бұл заң бұзушылық ономастика мәселелерін реттеп келген бұрынғы тұжырымдамаға да, жаңа қабылданып жатқан заңға да қайшы, – деп жалғады одан әрі баяндамашы.
Сорақысы сол, Исатай селосында Өтешқали Ихсанов атты жергілікті тұрғын өмірден өтіп, марқұм жерленіп жатқан күні ол кісіге көше атауы беріліп, ескерткіш тақта да орнатылған. Ал, заңдылығында марқұмның өмірден өткеніне бес жыл уақыт толғанда ғана оның есімін көшеге беруге рұқсат етіледі.
Сөзін әрі қарай сабақтаған Қ.Қайненұлы аудан бойынша орнатылған ескерткіш тақталардың нақты есебі де, тәртібі де жоқтығын сын тезіне алды. Мәселен, Тұщықұдық селосының орталық көшесі бойындағы үй қабырғасына ҚазақССР-не еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шамшиден Шәріповтің атына ілінген ескерткіш тақта ескіріп, сиқы кеткен әрі құжатсыз. Аталмыш азаматқа арналып орнатылған ескерткіш тақтаны жаңартып, заңдастырып қайта ілу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Жаңа заң бойынша бір елді мекенде атау бір рет қана берілуі қажет. Баяндамашыдан білгеніміздей, Исатай ауданында бұл мәселеде де ағаттық бар екен.
Көше тақтайшалары – әртүрлі ғимараттар, үйлер, мекемелер мен кәсіпорындардың қасбеттерін рәсімдеудің ажырамас бөлігі. Кез келген адам қалада немесе көшеде тек осы белгілер арқылы ғана адаспастан бағыт-бағдарын анықтай алады. Көше атаулары жазылған тақтайшалардың көлемі ғана емес, олардың орналастырылуы қала мен елді мекендердің көркіне нұқсан келтіруде.
– Нарын селолық округі ғимараты қабырғасына ілінген көрнекілік сұрықсыз, әбден тозығы жеткен. Бұл – ауылдағы жалғыз көрнекілік. Оның да жағдайы мынадай. Бұдан көрнекіліктерді орнатып, ілуге еш мән берілмегендігін байқау қиын емес. Забурын, Исатай селолық округтері кеңселеріндегі көрнекіліктер де қазіргі заманғы стандарттарға сай келмейді, жапсырыла салынған қағаздар, сызба-жазулары оқылудан қалған. Аудан бойынша стандарттарға сай келетін көше аншлагтары да тым сирек. Мәселен, сілтемелер Зинеден ауылындағы ұзындығы 2 километрден асатын көшелердің тек екі шетіне ғана орнатылса, Тұщықұдық селосында өте ескірген, мәтіндері көрінер-көрінбес көше сілтемелері кездесті. Жанбай ауылында «Амангелді көшесі» деп көрсетілген, әртүрлі рәсімделген сілтемелер ілінулі, қай Амангелді екені белгісіз,-деген Қилымғали Қайненұлы халықаралық дәрежедегі үлкен жол бойында да келеңсіз сілтемелерді бір «түйреді». Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Шыңғыс Мұқан Исатай ауданында жүйелі жұмыстар жүріп отырғанын, десек те мынадай өрескел қателіктерге жол берілгеніне тоқталып: «Әрине, соғыс және еңбек ардагерлері мен өзге де азаматтардың еңбектерін жоққа шығара алмаймыз, десек те отырыста айтылып отырған сауатсыздық – мемлекеттік органдарға үлкен сын. Бірінші маусымға дейін кемшіліктерді жойыңыздар» деп ескертті.
Жиын барысында аталмыш мәселеге орай түсінік берген Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев кемшіліктердің түзетілгендігін мәлімдеді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы қорытындылады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз