ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ

оған қалай орналасуға болады? 

Бүгінде еліміздің қарулы күштері қатарында үлгілі қызмет етіп жүрген офицерлер аз емес. Әскери қызметке қызығушы жастар да көп. Ал, ол үшін қайда, қалай оқу керек? Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығының міндетін атқарушы Мақсот Орынбеков бізге осы туралы айтып берді.

– Келісім-шарт бойынша әскери қызметке барғысы келетіндер үшін жергілікті әскери органдарында үгіт-насихат пункттері ашылған. Сол пункттер арқылы қала және аудандарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі және үміткер ерікті түрде келіп тіркеледі. Үміткер міндетті түрде әскери борышын өткерген немесе әскери билеті бар, соның ішінде әскери мамандығы көрсетілген болуы шарт. Сөйтіп, жергілікті әскери басқару органына тіркелген азаматқа тиісті құжаттар тізімі беріліп, ол медициналық комиссиядан өтеді. Осылайша оның әскер қатарына жарамдылығы, содан кейін соттылығы анықталады. Бастысы, тіркелген азамат міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс.

– Келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарудың ерекшеліктері қандай?

– Бұл қызметтің ерекшеліктері көп. Солардың бастыларын атасам, олар – тұрақты жұмыс, ай сайынғы жалақы, сыйақы, ай сайын пәтер жалдау, зейнеткерлікке шыққанда пәтер алу мүмкіндігі, толықтай мемлекеттік қамтылу, жыл сайын ақысыз дәрігерлік тексеру және шипажайлық көмек, жыл сайын негізгі демалыста болу, салтанатты, күнделікті, далалық және арнайы киім-кешекпен және қажетті заттармен қамтылу, балаларына тұрғылықты жері бойынша мектеп және мектепке дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын алу. Сонымен бірге, сарбаздар мен сержанттарға, келісім-шарт бойынша қызметтегілерге еліміздегі әскери жоғары оқу орындарының оқу ақысын 50 пайызға дейін жеңілдетеді, әскери қызметтен босаған күнде де олар маман ретінде жұмыссыз бос қалмайды.

– Әскери қызметшімен арадағы келісім-шарт қандай мерзімге жасалады?

– Әскери қызметші әскери бөлімге қабылданған уақытта алғаш рет үш жылға келісім-шартқа отырады. Кейіннен бес жылға, сонан соң он жылға, осылайша зейнеткерлікке шыққанға дейін. Лауазымды еңбекақысынан бөлек, келісім-шарт бойынша әскери қызметкер әскери атағына да, еңбек сіңірген жылдарына да, құпиялыққа да, қызметтің ерекше шарттарына да, коммуналдық қызметке төлемақы үшін де еңбекақы мөлшерін алатын болады.

– Мақсот Иванұлы, енді әскерилерге берілетін қызметтік пәтер жөнінде кеңірек айтсаңыз.

– Қызметтік пәтермен қамтылуға дейін пәтерге мұқтаж адам есебінде тұрған әскери қызметкерге ақшалай қаражат төленеді. Тұрғын үй жалдау үшін мақсатты ақшалай өтемақы төлеу тек қана келісім-шарт бойынша әскери қызметкерге және әр отбасы құрамына 2015 жылдан бастап отыз мың теңгені құрайды. Өтемақы төлеу қызметтік пәтердің орнына жалға алған пәтерге кеткен төлемақының орнын толтыру мақсатында төленеді. Өтемақы төлеу республикалық бюджет есебінен жүреді.

Әңгімелескен

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Керек дерек

Өтемақыны тағайындату үшін әскери қызметкер өзі қызмет етіп жүрген бөлім командирі атына белгіленген тәртіп бойынша баянат жазады. Баянатқа мынадай құжаттар жалғанады:

– Әскери қызметшінің пәтерге мұқтаж екендігін тіркеу туралы анықтама; отбасы туралы анықтама (бір рет ұсынылады);

– нотариалдық куәландырылған пәтер жалдау шартының көшірмесі; жалға беруші – салық төлеушінің мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәлігі;

– жеке кәсіпкермен патенті бар пәтермен жалға беру шартын жасау (әскери қызметші өтемақы төлену үшін ай сайын баянат жазып тұруы керек);

– мемлекеттік мекеменің тексеруінен кейінгі қаржылық орындардың ұсынған құжаттарының негізінде өтемақы төлемі жүргізіледі, өтемақы төлемінің бұйрығы әскери қызметшінің баянаты тіркелген күннен он еңбек күнінде кешіктірілмей шығады;

– өтемақының төлемі әскери қызметті өтеп жүрген жерде сол айда қомақты ақшалай үлеспен қатар жүретін болады, ал, желтоқсан айында өтемақы төлемі сол айдың 25-іне дейін жүргізіледі;

– әскери қызметкердің (әйел заты) жүктілік, жеңілдену және бала күтімі демалысына, іссапарына, оқуына, емделуіне байланысты төленетін өтемақы жалпылама негізде жүзеге асады;

– жыл сайын әр әскери қызметшіге кезекті демалыс еңбек еткен өтіліне сәйкес 30 тәуліктен 40 тәулікке дейін, кезекті еңбек демалысына шыққан кезінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді және демалыс уақытында жалақысы жүре береді;

– ерлі-зайыпты әскери қызметкер бір елді мекенде әскери қызметін өтеп жүрсе, өтемақы төлемі ерлі-зайыптының біреуіне ғана қаржы бөлімшесінен анықтама негізінде төленеді;

– әскери қызметші қызмет бабымен бір мемлекеттік мекемеден басқа мекемеге ауысқан жағдайда да өтемақы төленеді, егер өтемақы төлемі төленгеннен кейін ауысса, онда өтемақы төленбейді;

– асыраушысы жоқ әскери қызметкердің отбасы мүшесі пәтермен қамтамасыз етілгенше мұқтаж болуына байланысты, Заңның белгіленген тәртібі бойынша, отбасы мүшелерінің өзгеруіне байланысты соған сай мөлшерде өтемақымен қамтылады;

– әскери есептен шыққан пәтерге мұқтаж әскери қызметкер өтемақыны ҚР Заңының белгіленген тәртібі бойынша кері қайтаруы керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз