
Әскери бөлім жөндеуді қажет етеді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірге жұмыс сапары кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «2201 «г» әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Халық қалаулысы Каспий теңізі жағалауындағы шекара тыныштығын сақтап, ел шебінің қырағы күзетінде тұрған сарбаздардың қызметімен, тыныс-тіршілігімен танысты. Бөлімнің материалдық-техникалық жабдықталуы жарақтандырылуына көңіл бөліп, проблемаларына назар аударды. Атырау қаласы аумағындағы Дамбы ауылындағы бұрынғы балабақша ғимаратына орналасқан әскери бөлімнің ең өзекті де шешімін күткен мәселесінің бірі – төбесі шатырланбағандықтан жазда жауған жаңбыр, көктемде еріген қар суының саулай ағып, қолайсыздық туғызуы болып отыр.
–Бұл жайт маған бұрыннан таныс. Сол себепті де елге келгенде бір сәт мойын бұрып, оның жай-күйін көзіммен көріп, мүмкіндігінше, көмек-қолдау беру керегін жақсы түсінемін. Әрине, қандай шаруаның да шешімі ең әуелі қаржыға келіп тірелетін анық. Негізінде ғимаратты күрделі жөндеуден өткізетін мезгіл жеткені аңғарылып тұр. Ештеңе жасалынбады деуден де аулақпын. Мысалы, тұрған жерінің қиыршық тас төселіп, автокөліктер тұратын орын қалпына келтірілген. Өзге де жүзеге асқан жұмыстар бар екен. Дегенмен қаражаттың бөлінуіне қарай, бірінші кезекте төбе шатырын жөнге келтіріп алсақ та жаман болмас еді. Оған да қомақты қаржы керек. «Күш біріксе, алнбайтын қамал жоқ» демекші, бұған жергілікті атқарушы билік құрылымдары да қолдау көрсетіп, қаржыландыру мәселесін шешуге жұмыстанғаны дұрыс. Өз тарапымнан берілген құзырет шеңберінде қарекет қыламын, — деді халық қалаулысы.

Ойындағысын осылай деп түйіндеген депутат уақыт өткізбей, жасалуға тиісті жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, қаржыландыру мәселесін нақтылауды қажеттігін алға тартты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

