АЩЫ ТЕРДІҢ ТӘТТІ ДӘМІ

«Жақсы адам парызын ойлайды». Осы бір қанатты сөз шынайы еңбегімен, өнегелі өмірімен, жоғары парасатымен айналасындағыларды тәнті еткен Аққайсиевтер әулетіне арналып айтылғандай. Бүгінде Махамбет ауданында тамырын жайып отырған әулет тұтас өңірге үлгі болуда.

Шаңырақтың бәйтерегі – Үмбет Аққайсиев саналы ғұмырын еңбекке арнаған жан. Бүгінде зейнет жасына келген ақсақал – әкесі Қисмадан қалған жалғыз тұяқ. Әже мен ананың тәрбиесінде ержеткен ұл бес қыздың ортасында еркін өсті. Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны сәтті аяқтады. Қолына дипломы тиген соң өзгелер секілді қалада қалып қоюға тырыспады.

Кеңес кезеңінде шопандарға жүз аналық қойдан жүз отыз қозы алу, жемшөпті молынан дайындау сынды тапсырмалардың ерекше жүктелетіні белгілі. Бұдан басқа малшыларды қыстақтан жайлауға, жайлаудан қыстаққа уақтылы көшіріп отыру жұмыстары да үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Осындай жауапты жұмыстардың, былайша айтқанда, қайнаған еңбектің ортасында жүріп, үлкен істер тындырған Үмбет Аққайсиев үш жылдан соң «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл жас маман үшін үлкен абырой еді.

Сүт зауытын басқарған уақытта да жаңашылдығымен ерекшеленеді. Ол аталған зауытқа жиырма жылға жуық уақыт басшылық жасаған кезде кәсіпорын сапалы өнімімен жұртшылықтың көңілінен шығып, сүт өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге арта түсті.

Қандай қызметтерде жүрсе де, кісілігі мен кішілігінен ажырамаған Үмбет Аққайсиев–білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ғана емес, отбасының тірегі, асқар тауы. Әрі өмірде жолы болған бақытты адам. Институт қабырғасында жүріп  Үмбет Сақыпжамалмен  отасады. Бағына қарай, Сақыпжамал адамдық пен адалдықтан аттамаған жан болып шығады. Бүгінде бақилық болған апамыз өнегелі отбасынан шыққан текті ұрпақ еді.

Өз заманында Махамбет ауданының дамуына сүбелі үлесін қосқан Сақыпжамал Орынғалиқызы Алматының шет тілдер интитутында білім алған. Жоғары оқу орнын бітірген соң зоотехникалық-малдәрігерлік институтта неміс тілінен сабақ берген, кейін отағасымен бірге жолдамамен Гурьевке жұмысқа жіберілді. Бастапқыда орта мектептерде шет тілінен дәріс береді. Мұғалімге қойылған талап пен жүктелген жауапкершілік қашан да жоғары болды. Жас болса да келіндік міндетін абыроймен атқарып, бала тәрбиесін де басты назарда ұстай білген ардақты ана Сақыпжамал Орынғалиқызы ұстаздық қызметін еш ақсатып көрген жоқ. Жұмыс барысындағы жаңашылдығымен, бастамашылдығымен ерекшеленген ол 1973 жылы жергілікті кеңес депутаттарының, совхоз, мектеп директорларының ұйғарымымен Горы селолық атқару комитетінің төрайымы болып сайланды.

Ауыл топырағынан түлеген қарапайым қазақ қызының партиялық, кеңестік қызметтердегі жарқын жұмысы өз жемісін береді. Селоның көркеюіне өзіндік септігін тигізген төрайым сол жылдың желтоқсанында Махамбет аудандық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Қазаны мен қызметін қатар ұстай білген Сақыпжамал Орынғалиқызы басшылық қызметтерді жиырма жылға жуық абыроймен атқарады. Осылайша ол он бір жыл бойына Махамбет аудандық партия комитетінің хатшысы, төрт жылдай халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрайымы болып, ауданның экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы жолында өзіндік ізін, өшпес қолтаңбасын қалдырады.

Аяжан БИСЕНҒАЛИЕВА,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз