АРДАГЕРЛЕРГЕ – АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Қайыршақты селолық округіне қарасты Жұлдыз ықшамауданында орналасқан  №26 «Жұлдыз» балабақшасында мекеме басшысы Гүлжан Мусинаның ұйымдастыруымен «Ерлік ісі – ұрпаққа үлгі» атты мерекелік  ертеңгілік шара өтті. 

Бұл шара өмірден озған Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін еске алумен ашылып, Қайыршақты селолық округінің әкімі Шапхат Қалиев сөз сөйледі. 

Ертеңгілікке Томарлы ауылының тұрғындары, ардагерлер Ақтаева Оңай, Таменов Қадіржан, Кенжеғалиев Төлеген, Хайдарова Кәкима, Кәрімова Шәку арнайы шақырумен келді. Бұл кісілерге балабақша ұжымы атынан сый-құрмет көрсетілді. Олар өздерінің естеліктерімен бөлісті, шараны өткізіп отырған ұжымға, округ әкіміне алғысын айтты.

Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген мерекелік шарада балабақша ұжымы жүрек тебірентер көріністер мен концерттік қойылымдарын назарға ұсынды. Музыкамен сүйемелдеуші саз маманы Ләззат Уксукбаеваға, Бауыржан Момышұлының «Бауырға» хатын жан тебірентер шеберлікпен орындаған балабақша психологі Кәмшат Мәдениетқызына, «Мәншүктің анасына жазған хатын» орындаған Есалиева Нұрзияға, ертеңгілікті  жүргізген тәрбиеші Бақтыгүл Иманғазиеваға келген қонақтар көздеріне жас алып отырып, өздерінің алғысын білдірді.

 

Рысты НАУШАБАЕВА,

№26 «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі.

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз