
Ардагерлер араласпайтын мәселе жоқ
Атырау қаласындағы Салтанат сарайында атыраулық ардагерлер Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовпен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев қатысты.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кіріспе сөзбен ашты. Ол Бақтықожа Салахатдинұлы Атырау облысының әкімі қызметін атқарған кезде жүзеге асып, елдің игілігіне берілген жобалар мен игі істер туралы атап айтты. Сонымен қатар өзі жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның өткен жылы атқарған жұмыс қорытындыларына тоқталды. Жоспарланған іс-шаралардың Орталық кеңестің келісімімен және басшылығымен жүзеге асқанын айтты. Соның ішінде «Іскерлік және жанашырлық» жобасының атыраулық ардагерлер тарапынан кеңінен қолдау тапқанын атап өтті. Нәтижесінде көмек пен қолдауға мұқтаж қарттар анықталып, тиісінше оларға ай сайын материалдық көмек берілген. NCOC компаниясы 100 ардагердің «Атырау» шипажайында тегін демалуына жағдай жасаған. Аймақ басшылығының қолдауымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай төрт тараудан тұратын «Ешқашан ұмытылмайды» атты естелік кітап шығарылған. Соғыстан оралмаған боздақтар мен майдангерлерге арналған ескерткіштердің дені мемлекетпен қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізілген.

–Облыстық ардагерлер кеңесі, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылған әкелер, әжелер, билер кеңестері тәрізді қоғамдық құрылымдардың да салауатты өмір салтын қалыптастырып, елдегі саяси ахуалды тұрақтандыруға, қоғамның іргетасы саналатын отбасының татулығы мен бірлігін сақтауға қосып отырған үлестері өлшеусіз екенін айтқанымыз абзал. Қоғам өмірінің қай саласында болмасын аға буын өкілдерінің белсенділігі жоғары, олардың араласпайтын мәселесі жоқ, — деп сабақтады сөзін Мұрат Сақтайұлы.

Бұдан соң кездесуге Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге келген Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Абзал Құспанов, Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, энергетика саласы ардагерлер ұйымының басшысы Мұхамбетқали Қалиев, облыстық әжелер алқасының жетекшісі Күнсұлу Сұлтанова, «Махамбет» шаруа қожалығының (Махамбет ауданы) басшысы Мақсұт Әбілов және басқалары ұйым жұмысын жандандыруға бағытталған ойларымен ортақтасып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде Бақтықожа Ізмұхамбетов атыраулықтардың ыстық ықыласы мен жылы лебіздеріне, белсенді өмірлік позициялары мен ардагерлер кеңестерінің жұмысының деңгейін арттыруға қосқан қомақты үлестеріне ризашылығын білдірді.

Жарқын жүзді кездесудің соңы белсенділерді ұлығылауға ұласты. Осылайша олар республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Мұндай құрметке лайықты деп танылған ардагерлерден бөлек, демеушілік көмегін ұсынып, жомарттық танытқан компаниялардың басшылары мен кәсіпкерлер де ие болды.

Кездесуге қатысушылардың құрметіне облыс басшылығы атынан дастархан жайылды. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары тағылымды шараны әсем де әуезді ән-күйлерімен әрледі.




Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



