ӘР ЖЕРДІҢ ӨЗ НЕСІБЕСІ БАР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген реформалары елде кәсіп-керліктің дамуына даңғыл жол ашты. Мен 1992 жылдары кәсіпкерлік саласына бет бұрғанмын. Сол бір қиын кездер әлі есімде. Елбасымыздың «Мұның бәрі өтпелі қиындықтар, біз әлі-ақ бұдан сүрінбей өтіп шығамыз» деген сөзі жігерлендіре түсіп, ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырды. Бастапқыда шағын дүкен мен кішкентай наубайханамыз болды. Бүгінгідей несиемен қолдау жүйесі ол кезде енгізілмеген. Қаржы тапшы болды. Іскерлік танытып, жұмысымыздың алға басуы үшін біраз тер төктік. Бірақ, мұның артында берекелі істер күтіп тұрғанын сезгендей болдық.

 

Елбасымыздың шағын және орта бизнесті өркендетуге жеңілдетілген несиелер бергізуі, тексерулерге мораторийлер жариялауы бізге дем беріп, тың істерге жетеледі. Кәсіпкерлерге мұндай қамқорлық, әсіресе, ауылдық аймақтарды өркендетуге, жұмыс орындарын ашып, халықты жұмысқа тартуға, тұрғындарды жергілікті өніммен қамтуға, жалпы ауыл-аймақтың өркендеуіне тың серпін берді.

Елбасының бизнесті белсенді қолдауының арқасында кәсібімізді дөңгелете бастадық. «Каспий-Балық» өндірістік кооперативін құрып, «Құралай» нан-тағам комбинатын, «Талап» кірпіш зауытын, «Құралай-Құрылыс» ЖШС-ін, Ганюшкин, Котяев, Сафон, Теңіз селолық округтерінде жанар-жағармай бекеттерін ашып, Орлы ауылындағы асхана, супермаркет пен қонақ үй халыққа қызмет көрсетуде.

Кейін өз жерімізден шығып жатқан қамысты да кәдеге жаратып, құрылыс материалдарын жасауды қолға ала бастадық. Зауыт жобасының құны 120 миллион теңгені, ал, өндірістік қуаты тәулігіне 14 тоннаны құрайды. Заманауи құрал-жабдықтар да Қытайдан арнайы әкелінді. Байда селолық округінің орталығынан да жобалық құны 300 миллион теңге болатын, қырықтан астам балық өнімдерін шығаратын зауытты іске қостық.

Облысымыздың, тіпті еліміздің көптеген өңірлерінде таптырмайтын шикізат — керамзит өндіретін саздың құрылысқа тиімді, экономикалық жағынан залалсыз екендігін ескеріп, зауыт салып, тас шығара бастадық. Қазір өнімді елімізбен қоса көршілес Ресейге де өткізудеміз.

Мұның барлығы, ең алдымен, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту, тұрғындарды бір жерде тұрақтандыру, қолжетімді бағаға жергілікті өніммен қамту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар. Әсіресе, қазір ауыл жастары жұмыссыз, бос жүрмесін, өзінің отбасын тастап, қалаға қарай сабылмасын деген мақсатпен жергілікті тұрғындарды қызметке қабылдап жатырмыз. 

Әбдібек БИСЕНОВ,

«Құралай» корпорациясының президенті. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз