
Ананың сенімі – баланың жеңісі
Әрбір баланың өмірге келуі – отбасы үшін үлкен қуаныш. Ал ерекше бала тәрбиелеу – ата-анаға екі есе жауапкершілік пен төзім сыйлайтыны белгілі. Сондай аналардың бірі – Айнұр Есенжолқызы. Ол – өмір сынағына мойымаған, жүрегі мейірімге толы, қайсар ана.

Айнұрдың қызы Хадия Есенжол – ерекше бала. Ол құлағының нашар естуіне байланысты кохлеарлық имплант тағады. Тіл мүкістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатта білім алады. Бұл шағын құрылғының арқасында Хадия айналадағы дыбыстарды естіп, қоғаммен еркін араласуға мүмкіндік алып отыр. Құрылғы оның өмірін түбегейлі өзгертіп, жаңа әлемнің есігін ашқандай әсер қалдырған.
Хадияның өмір жолы ата-анасының қолдауы мен өз табандылығының арқасында ерекше мәнге ие. Ол кішкентайынан өнерге, әсіресе сурет салуға бейім болып өсті. Түрлі түстерді үйлестіре отырып салған суреттерінде нәзіктік пен терең ой, өмірге деген сүйіспеншілік айқын сезіледі. Әрбір туындысы оның ішкі әлемінен сыр шерткендей әсер қалдырады.
Анасы Айнұр Есенжолқызы қызының шығармашылығына үнемі қолдау білдіріп, шабыттандырып отырады.
– Хадияның сурет салған сәтінде оның жүрегінің кеңдігін, әлемге деген ерекше көзқарасын байқаймын. Әрбір жұмысы – ішкі жан дүниесінің айнасы, — дейді ол.

Шынында да, Хадияның таланты мен табандылығы тек отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін де үлкен үлгі. Оның шығармашылығы арқылы «ешқандай кедергі арман мен қабілеттің жолын бөгей алмайды» деген ойды ұғынуға болады.

Бүгінде Хадияның суреттері мектеп пен көрмелерде көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Ал анасы Айнұр Есенжолқызының сүйіспеншілігі мен қамқорлығы – оның өміріндегі басты тірек.
Бұл отбасының оқиғасы – ананың шексіз махаббаты мен баланың қайсарлығының айқын дәлелі. Айнұр мен Хадияның өмір жолы – ерекше балалардың бойындағы мүмкіндіктерді ашуға, олардың талантын бағалауға және қоғамға бейімдеуге үндеу іспетті.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ


