
Анаға – құрмет, сарбазға – демалыс
Абай орталығында елдік пен ерліктің айшықты үлгісін көрсеткен тағылымды кездесу өтті. Бұл басқосуда күзгі және көктемгі әскерге шақырылған сарбаздар өз ата-аналарымен жүздесті.
Шараның ашылуында Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Эльдар Шынғалиев сөз сөйледі.
– Әскер қатарына алынған әрбір жас – елдің тірегі, халықтың үміті. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты сарбаздарды ынталандырып, олардың ата-анасына алғыс білдіру. Өйткені перзентті ел қорғайтын азамат етіп тәрбиелеу – ата-ана еңбегінің жемісі. Біз жас ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілікті жүрегімен сезініп, абыроймен атқарып жүргенін мақтан етеміз, — деп атап өтті ол.
Мерекелік сәтте әскери қызметте үздік танылған екі сарбазға үлгілі тәртібі мен адалдығы үшін он күндік қысқа мерзімді демалыс берілді. Ал олардың ардақты аналарына құрмет ретінде марапат табысталды: төрт сарбаздың анасына – «Отан қорғаушының анасы» төсбелгісі, тағы бір топ анаға – Алғыс хат ұсынылды. Әсіресе, төсбелгі тағу рәсімі ерекше әсерлі өтті. 41433 әскери бөлімнің командирі, подполковник Досжан Қалиев аналарға марапатты өз қолымен тағып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Бұл шараның мәні тек марапатта ғана емес. Ол әскер қатарындағы жастардың патриоттық рухын көтеріп, әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған игі қадам. Жауынгерлер үшін туған жерін қорғау – мақтаныш, ал ата-ана үшін перзентінің абыроймен борышын атқаруы – ең үлкен мәртебе.
Кездесу сарбаздар мен олардың ата-аналары үшін шынайы мерекеге айналды. Ел тыныштығын күзеткен ұлдың табысына қуанып, мерейі тасыған аналардың жүзіндегі шаттық та соны айғақтап тұрды.
Отан алдындағы борыш әр ер-азамат үшін қасиетті міндет. Бұл абыройлы іс қана емес, келешекке сенімді қадам. Жастардың ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі – мемлекет болашағының берік іргетасы екені анық.
Шараны Атырау қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы, подполковник Құрманәлі Жүнісбеков түйіндеді.
– Біздің мақсатымыз жастарға патриоттық тәрбие беріп, олардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Сарбазға көрсетілген әрбір құрмет – тұтас ұрпаққа үлгі, ел болашағына сенім, — деді ол.
Майра ЕРҒАЛИ


