ҒАЛЫМ ШОЙКИН, ДІН ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «АСТАНА СЪЕЗІ БІРІКТІРУШІ КҮШКЕ АЙНАЛДЫ»

- Ғаламдық  деңгейдегі нөмірі бірінші проблемаға айналған халықаралық экстремизм, терроризммен күресу тетіктері Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде қаншалықты көрініс тапты?

 

– Съездің басты мақсаты – лаңкестік бағыттағы қақтығыстарды болдырмау.  Осы орайда, Сирияда болып жатқан, Таяу Шығыста орын алып жатқан оқиғалардың жалған идеологияға улану екендігі, ол мәселелердің хақ дінмен байланысы жоқтығы съезде айтылып, талқыға салынғандығын атап өткім келеді. Әлемдік деңгейдегі дін басшылары осындай қақтығыстардың алдын-алу туралы мәселе төңірегінде көп ұсыныстар айтты. Съезге қатысушылар лаңкестік оқиға орын алған жағдайда әрекет қандай болуы керек, ол адамдармен жұмыс қандай бағытта болуы тиіс деген мәселелерді көтеріп, өз ойларын ортаға салды.

Қарапайым логикаға жүгінсек, адамдар бір-бірімен жылдап кездеспей қалса, олардың арасы суи бастайды. Сондықтан, съезд діни және саяси қайраткерлер арасында көбірек кездесу ұйымдастыру арқылы, әлемде, қоғамда орын алып жатқан проблемаларды ашық талқылап, шешу жолдарын белгілеуді де басты мақсат етіп отырғанын атап өткім келеді. Бір, екі күннің ішінде қордаланып қалған проблемаларды шешу мүмкін емес. Дейтұрғанмен, әлем мынаны мойындауы керек: Қай дін болмасын, оның экстремизм, терроризм мәселелерімен қатысы жоқ. Бұл жерде біз дінді жамылып жүрген саяси күштердің діни риториканы пайдалану арқылы халықты шатыстырып жатқандығын ашық айтуға тиіспіз. Сондай ақ, съезд діни, саяси қайраткерлердің осындай оқиғаларды болдырмау жолында күш біріктіруіне жол ашады деп сенемін. 

– Әсіресе, Батыста орын алған лаңкестік оқиғаларды исламмен байланыстыру жағы басым тұрады. Біз съезд жұмысын пайдалана отырып, әлемнен «исламдық лаңкестік ұйым» деген тіркесті қолданбауды, ислам мен терроризм ұғымдарын байланыстыруды біржола доғаруды талап ете аламыз ба? Жалпы, осы мәселені қабылданатын Декларацияға енгізу мүмкіндігі қандай?

– Бұл мәселе, әрине, айтылуы керек, талқылануы керек. Бірақ, бұл жерде жауапкершілік бұқаралық ақпарат құралдарынан көбірек сұралуы қажет сияқты. Осы мәселе бойынша жақында мақалам жарық көрді. Сол мақалада да қандайда бір терроризмнің белгілі бір дінге қарсы жасалған шара екендігіне көбірек назар аудару керектігі айтылды. Мысалға «Ислам мемлекеті» деген террористік ұйымның кері әсері көбінесе исламға тиюде. Әлемде исламға деген теріс пікірдің қалыптасуы да осыған байланысты болып отыр.

АҚШ-та ол ұйымды «ИГИШ» немесе «ИГИЛ» деген абревиатурамен атайды. Сондықтан, біз де осындай әдіске көшуіміз керек деп ойлаймын. Осы жерде айта кетерлігі, журналистер ақпарат беріп жатқанда әлгі ұйымның теріс әрекеттерін айыптап отырып, оның атауын анықтап беру мақсатында «Ислам мемлекеті» сөзін қолданып жатады. Ол кәсіби мәселеде дұрыс та болар. Бірақ, біз екіұдай пікір тудыратын осындай жағдайлардан арылуға, сақтануға тиіспіз.

Съездің негізгі мақсаттарының бірі де осы. Яғни, халыққа хақ исламның ешқандай терроризмге, радикалдық ұйымдарға қатысы жоқ екендігін түпкілікті ұғындыру болып табылады.

Исломофобияны жоюда нендей тетіктерді іске қосқан жөн? Осы мәселеде өзіндік ұсыныстарыңызды ортаға салсаңыз? 

– Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО сынды халықаралық деңгейдегі ірі ұйымдардың басшылары бұқаралық ақпарат құралдарында исламға деген оң пікірлерін жиі жариялап отырса, батыстық ақпарат құралдарында қалыптасқан көзқарас өзгеруі мүмкін деп ойлаймын. Бұл мәселе кездесу аясында өтіп жатқан пленарлық, секциялық отырыстарда да айтылды.

Өкінішке орай, исламофобияның пайда болуына ғаламдық деңгейдегі саясаткерлердің «исламдық терроризм» ұғымын жиі пайдалануы себеп болып отыр. Сондықтан, саяси тұлғалар дін мен терроризмнің бір-біріне қарама-қайшы ұғым екенін мойындаса нәтиже болар еді. Бұл мәселе саяси диалог алаңдарында, сонымен қатар,  түрлі деңгейде өтетін діни басқосуларда жиі көтерілсе, оң нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары болмақ. 

Журналистердің құқықтық, саяси және діни білім деңгейін де көтеру маңызды. Бұл – Қазақстанға ғана емес, Еуропаға, Америкаға да тән күрделі проблема. Сондықтан, журналистерді біріктіретін ұйымдар мінберлерінде осы мәселе көбірек көтерілуі керек.

– Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) карикатурасының жариялануы, сол оқиғадан кейін Францияда орын алған лаңкестік әрекеттер мұсылман әлемін бір дүрліктіріп алды. Астанада өтіп жатқан съезд жұмысы, қабылданған Декларация  алға қарай қандай да бір дінді осындай қитұрқы жолмен қаралау жағдайларын болдырмауға ықпал етуі мүмкін бе?

– Жалпы, Декларацияның нәтижесінде дінді қорлау оқиғаларын болдырмауға белгілі бір деңгейде алғышарттар қалыптасады деп сенемін. Оның үстіне, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі арқылы біз әлемдік ақпарат құралдарына хақ діннің кереметі, лаңкестік ұйымдардың саясаты туралы мәлімет таратып жатырмыз. Осы оқиғалардың барлығы нәтиже береді деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ,

(Арнайы «Атырау» газеті үшін),

Астана.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз