ӘЛЕМДІК ҮРДІСТЕН ҚАЛЫС ҚАЛМАЙМЫЗ

Мағауия ШЫРДАБАЕВ, «Эмбаведьойл» ЖШС-нің бас директоры, экономика ғылымдарының докторы:

- Әрине, бұл тосын жайдың қарапайым халыққа тым түсініксіз болуы мүмкін. Әйтсе де, экономика саласының маманы ретінде айтар болсам, мұндай қадам, тұтастай алғанда, еліміздің одан әрі дамуына оң әсер етеді. Үкімет жасап отырған зерттеулерге қарағанда, ішкі жалпы өнім  өседі. Отандық тауар өндірушілердің сыртқа шығаратын өнімдерінен түсетін пайда анағұрлым артады. Демек, бюджет қоры толығады. Ал, одан бөлінген қаражат әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге игі септігін тигізеді.

 Сайып келгенде, Елбасы биылғы Жолдауында дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақыларын, студенттердің стипендияларын, т.б. әлеуметтік топ өкілдерінің өтемақыларын сатылап көтеру керектігін айтты емес пе? Міне, сол тапсырмалардың орындалуы да бюджетке мол түсім түсуіне байланысты болмақ. Демек, осы бағыттағы проблемалар да сәтімен шешілмек.

Бүгінде Қазақстан – Кедендік одаққа мүше. Келесі жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ құрылуы жоспарлануда. Алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру міндеті тұр. Міне, осы халықаралық қоғамдастықтардың бәрі де өзара экономикалық байланыстарды біріктіреді. Демек, бір мемлекетте орын алған өзгерістер екіншісіне тікелей әсер етеді. Біз осындай үрдістердің бәріне де дайын болуымыз шарт. Әйтпесе, көштен қалып қоямыз.

Жалпы, Мемлекет басшысы бұған дейін де ескерткеніндей, әлемдік қарым-қатынастың ортасында жүрген Қазақстанды сырттан келер он қауіп күтеді. Соның бірі – осы экономикалық өзгерістер. Егер еліміз сыртқа көмірсутегі шикізатын көп шығарып жатса, «қара алтын» құнының түсіп кетуі де қиыншылықтар әкелмек. Ал, оның бағасының шарықтап көтерілуі оңтайлы сәт секілді көрінгенімен, жанармай бағасының қымбаттауына соқтырады. Міне, нарықтық экономикада осындай бір-біріне тығыз байланған жүйе жұмыс жасайды. Одан ешкім де сырт қалмайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз