ӘЛЕМДІК ОЙҒА ҚОЗҒАУ САЛДЫ

Мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институционалды бағыттарын айқындаған «100 нақты қадамы» – ел өміріндегі ерекше саяси оқиға. Бұл көптен күткен реформа екенін әркім ой елегінен өткізіп, жүрекпен сезініп отыр.

 

Әрине, кез келген елдің халқы өз мемлекетіне, заңына, индустриалдық қуаты мен экономикалық өсіміне, біртектілік пен бірлігіне және халық алдында жауаптылығына берік сенуі қажет. Сонда ғана бұл бөлінісі ортақ, құндылығы бір, қуатты мемлекетке айналады. Осының бәрі қазіргі таңда Қазақстан халқының ғана емес, әлемдік қоғамдық ойға қозғау салды.

«100 нақты қадамның» кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тарауындағы 11-қадамда «Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу» делінген. Осы арада мені, шынымды айтсам, «шетелдік менеджерлерді мемлекеттік қызметке жіберу» деген ұсыныс сақтандырады. Неге? Өйткені,  шетелдік менеджерлер ертең кіріп алғаннан кейін өзінен төменгі лауазым иелеріне дұрыс талап қоя ала ма, өзі азаматы болып табылатын басқа мемлекеттің мүддесін қаузап кетпей ме?

85-қадамда «Мәңгілік ел патриоттық актісі жобасын әзірлеу» атап айтылған. Мемлекеттігіміздің мәңгілік болуының алғышарттарының бірі – ұлттығымызды сақтау болса, сол ұлттығымыздың қайнар бұлағы болып табылатын рухани мұраларымызды қорғау, оларды насихаттау, ел игілігіне жарату осы сала қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі болып саналмақ. Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деген сөзі бар.

Мақтаулы істеріміз көп дегенімізбен, әттеген-айлы тұстарымыз да аз емес екен. Соның бірі – ғылым саласына жастардың дұрыс тартылмауы. 64-қадамда аталған алдағы уақытта әзірленетін Заңда жас ғалымдарға ерекше назар аударылса екен дейміз. Өйткені, Қазақстан интеллектуалдық потенциалы аса жоғары жастарын өз деңгейінде пайдалана алмай келеді. Мысалы, бір ғана «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келген 8000 түлектің тек алты пайызы (384) ғана мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Басым бөлігі нарықтық заманның ыңғайына көніп, басқа да түрлі салаларда жұмыс істеп жүр. Біздіңше, шетелдің озық ғылыми мектептерінде тәрбие алған білікті жастарды ғылымға тартуды мақсатты ойластырған жөн.

Бөпежан ИМАНҒАЛИЕВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз