АЛАШТЫҢ АРЛАНДАРЫ – АТЫРАУДА

Атырау облыстык джиу-джитсу федерациясы және «Alash Pride FC» кәсіби клубы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен «Атырау-Алаш айбыны» халықаралық турнирін ұйымдастырды. Аталған спорт түрінен  халықаралық деңгейде мықтылардың басын қосқан мұндай дүбірлі дода Атырауда тұңғыш рет өткізіліп отыр.

 

Көптен күткен турнир кешке ұйымдастырылғанына қарамастан, ел намысын қорғаған спортшыларға қолдау білдіруге жанкүйерлер өте көп жиналды.

Турнирдің ашылу салтанатында аталмыш кәсіби клубтың президенті Данияр Қасқарауов пен джиу-джитсу федерациясының президенті Дәурен Үшбаев спортшыларға сәттілік тіледі.

Додада Қазақстан, Ресей, Голландия, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 26 кәсіби спортшы бақ сынасты. Олардың қатарында бес спортшы Атыраудың намысын қорғады.

Жарыс алаңына шыққан атыраулық Айбек Бөлекбаев (71 келі) және Мирас Шынтасов (84 келі) өз қарсыластарын алғашқы раундта-ақ жеңіп, жерлестерінің шексіз қошеметіне бөленсе, өкінішке орай, Қанат Әшімов (77 келі), Әбілхайыр Дүйсәліпов (65 келі) және Талғат Жұмағалиев (57 келі) қарсыласқа жол берді. Екі спортшы Қызылорданың абыройын асырып,  ақтаулық Шыңғыс Қайранов техникалық нокаут әдісімен  Қырғызстаннан келген Мұхаметәли Эргешевті жеңді.

-Жекпе-жек алдында бойыңдағы үрейді білдірмей, достармен әзілдесіп, күліп жүргенмен, мойынымда ауыр тас тұрғандай сезіндім. Ол – жауапкершілік жүгі. Осы сәтте жаттықтырушыларым жігерімді жанып, қолдау көрсетті.   Алаңға шыққан сәтте қорқынышым сейіліп, тек алға басу керектігін ойға түйіп,  біраз жинақталып қалдым. Өйткені, туған өлкемнің қолдауы сезіліп тұрды, – дейді өзбекстандық Бахтиёр Мирзашариповты үшбұрыш қылғындыру әдісімен жеңген жерлесіміз Мирас Шынтасов.

Ал, кештің ең басты бәсекесі «Бүркіт» атанған танымал қазақстандық спортшы  Темірлан  Айсаділовтің голландиялық Мишель Аделинамен жекпе-жегі болды. Төрешілердің шешімімен отандасымыз қарсыласын ұтып, жеңіске жетті.   

Сонымен қатар, жанкүйерлер бұл күні «AlashPride» клубының үздіктері – Махир  Мамедов,  Әділ Боранбаев сынды спортшылардың өнерлеріне тәнті болды. Қыздар арасында жалғыз жекпе-жек қазақстандық Зәмзагүл Файзоллаева мен грузиялық Лиана Джоджуаның арасындағы тартыста елдің үмітін үкілеген спортшымыз жеңіске қол жеткізді. 

– Өткен жылдың желтоқсан айында «Alash Pride FC» кәсіби клубы өзінің бес жылдығын атап өткен болатын, – дейді облыстық джиу-джитсу федерациясының аға жаттықтырушысы Айбар Есенғалиев. – Елімізде аталған клуб құрылғаннан бері аралас жекпе-жек спорт түрі қарқынды дамып келеді. Облысымызда джиу-джитсу, қоян-қолтық ұрыс, панкратион, ММА спорт түрлерінің басын біріктіретін аралас жекпе-жекпен шамамен 500-600-ге жуық адам айналысады. Бұл турнир спортшылардың әлемдік рейтингінде көрсеткіштерін көтеруге мүмкіндік берді. Екі жерлесіміз таза жеңіске жетті, ал, Талғат, Әбілхайыр және Қанат қолдан келген бар өнерлерін ортаға салды. Олар әлі де жас. 19 жастан енді ғана асып жатыр. Сондықтан, олардың алар шыңы алда деп ойлаймын. Шақыртуымызды қабыл алған кәсіби спортшылар – Арман Оспанов, Қайрат Ахметов бастаған сыйлы қонақтарымызға және спортты үнемі қолдап жүретін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің басшылығына алғысымыз зор. 

Айта кетсек, турнирді ұйымдастырушылар бұған дейін Атырау мұнай және газ институтында студенттермен кездескен болатын. Шара барысында институт ректоры Әли Әбішев пен джиу-джитсу федерациясының президенті Дәурен Үшбаев оқу орнында джиу-джитсу спортынан секция ашу жөнінде меморандумға қол қойды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз