АБЫРОЙ АРҚАЛАҒАН АХМЕТ АТА

қоғам Қоғам

Бұрынғы Новобогат ауданының Айбас ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңа тұрмыс» колхозында 1926 жылдың тамыз айында дүниеге келген Ахмет сәби шақтың тәтті уызын тата алмады. Бұғанасы қатпастан еңбекке аралас-ты. Өйткені, ол кез Ұлы Отан соғысы басталып, халық басына қиындық туған шақ еді. Ауыл азаматтары май-данға аттанып, бар ауыртпалық әйелдер мен балалардың иығына түсті. Колхоздың есеп-қисап жұмыстарын жүргізетін есепшілер де тапшы еді. Мұндай тығырықтан шығудың жолы ұсынылғанда сол жылдың қараша айында он бес жасар Ахмет Тапалұлы колхоздың бас есепшісі қызметіне кірісті.
қоғамЕңбексүйгіштігі және зеректігімен көптің көзіне түссе де, бозбала үшін мұндай қызметті атқару, әрине, оңайға түспеді. Сөйтсе де, ол мойымады, жігерін жанып, бар ынтасымен 1946 жылдың қыркүйегіне дейін осы колхоз жұмысының есеп-қисабымен айналысты. Бұл колхоздың есепшілік жұмысын өрге домалатқан ол кейін көрші шаруашылықтардың жұмысын жақсарту мақсатында Айбас ауылдық кеңесіне қарасты Чкалов атындағы колхозға бас есепшілікке жіберілді. Одан кейін Бабан ауылдық кеңесіне қарасты Молотов атындағы колхозда бас есепші болды. Мұндағы тыңғылықты жұмысы ескеріліп, Новобогат аудандық ауылшаруашылық бөліміне тексеруші-есепші қызметіне дейін жоғарылатылды.
Ол Новобогат ауданы таратылғаннан кейін Атырау облыстық статистика басқармасына қызметке тұрды. Бұл мекемеде әр жылдары еңбектен қол үзбестен экономист, аға экономист, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары болып отыз төрт жыл бойы қызмет атқарды. Бір мекемеде тапжылмастан еңбек еткен оның еңбек өтілінің тұтас 22 жылы Атырау облыстық есептеу орталығының бастығы қызметіне арналды. Еңбек ете жүріп, білімін көтеруді де қағыс қалдырмады. Жамбыл қаласындағы статистикалық техникумды үздік бітіргеннен кейін ҚазМУ-ді бухгалтер-экономист мамандығы бойынша аяқтады.
Ол әркімнен өз міндетін мұқият атқаруды қалайтын басшы болды. Қызмет еткен жылдары бар білімін, күшін, қабілетін статистика саласындағы есеп жұмысын жетілдіруге жұмсады. Соның нәтижесінде Ахмет Тапалұлының тікелей қатысуымен барлық аудандарда есептеу стансалары құрылып, тиянақты жұмыс жүргізілді. Облыс бойынша қажетті мәліметтер уақытылы алынып, талдау жасалып, ақпарат базасының сапасын жақсарту түбегейлі жолға қойылды. Ол 1959 жылғы Бүкілодақтық халық санағын ұйымдастыруға белсене қатысса, 1970, 1979 жылдардағы осындай шаралардың өтуіне де көп үлес қосты.
Ахмет қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді, бұл туралы бүгінде көз көргендер мен әріптестері жыр ғып айтады. Ол облыстық қаржы басқармасы жанынан құрылған есеп жұмысы жөніндегі әдістемелік кеңес төрағасының орынбасары, кәсіподақ облыстық комитетінің бірнеше рет пленум мүшесі болып сайланды. Жолдастық соттың төрағасы, кадр мәселесі жөніндегі кеңес төрағасы, азаматтық қорғаныс штабының басшысы секілді қызметтерді бар ынтасымен атқарды.
Бұрын облыстық статистика департаментіне бағынышты есепшілер даярлау мектебі болған еді. Онда аудандардағы бюджет саласындағы есепшілер даярланып, білімдерін көтеріп отырды. А.Жұмағазиев мұндағы оқытушылардың және оқушылардың білім сапасын бақылау комиссиясының төрағасы болып та қызмет етті.
Оның ерен еңбегі атаусыз қалмады. «Социалистік есептің үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес Президиумының мақтау қағазымен марапатталды. Есімі Қазақстан Статистика агенттігінің Құрмет тақтасына жазылды. «Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген экономист» атағын да алды. Бүгінде маңдай тердің жемісін көрген ол – республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Ахмет Тапалұлы зейнетке шыққан соң да еңбектен қол үзіп қалмады. Өз ісіне әбден төселген ол денсаулық сақтау саласында 85 жасына дейін есепшілік қызмет атқарды.
Еліміздің статистика саласының шежіре кітаптарына және 2014 жылы жарық көрген «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты ғұмырнамалық кітапқа есімі мен өмір жолы туралы дерек енгізілгендігі де ардагердің абырой-беделінің жоғары екендігін паш еткендей. Өмірлік жары Ағылша Әбілқасымқызымен жетпіс жылдай бірге өмір сүріп, ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Өкініштісі, бір ұлы ертерек дүние салды.
Бүгінде мерейлі тоқсан жастың төріне көтерілген Ахмет Тапалұлының өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін өрелі өнеге. Біз де бүкіл саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, абырой арқалаған қарияны бүгінгі жас буынға үлгі тұтуды ұйғарып, осы мақаланы жазған едік.
Әлия МҮБӘРӘК,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз