Қазақстанды жаяу аралауға шыққан 72 жастағы саяхатшы Атырауға келді

screenshot 20220908 120514 Қоғам

Қазақстанды жаяу аралауға шыққан саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов Атырау облысы, Махамбет ауданы, Алға ауылына жетті.

72 жастағы ақсақал Ұлытаудан Атырау облысына дейінгі бірнеше мың шақырымды бес айдан астам уақытта еңсерген. Саяхатшының айтуынша, кейбір бағыттарда күре жолмен жүру қиынға соққан. Күніне 40-50 шақырым жүргенде далаға қонған кездері болыпты. Бұл сапарға шығуды алты жыл бұрын жоспарлаған Сәрсенбай Оспанұлы қазан айына дейін 8 мың шақырым жол жүруді көздейді. Мақсаты Ұлытау өңірінің тарихын насихаттап, елдегі ұсталар мен қолөнершілерді дәріптеп, тізімін жасау. Саяхатшы адамның ерік-жігері берік болса ешқандай қиындықтың әсер етпейтінін айтады. Тіпті жүре-жүре адам баласы төселіп, күніне бірнеше шақырымды басып өтуге болады екен. Жолда кезіктірген халықтың да саяхатшыға деген құрмет-қошеметі ерекше. Мұны әр аймаққа табан тіреп, кездестірген кезде байқауға болады.

Қазақстанның 17 облысын түгел жаяу аралап өтуді мақсат еткен қарт саяхатшының бұл жоспарлаған жолындағы 16-шы облысы.

Қария бұған дейін Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарағанды, Нұрсұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал қалаларына табан тіреген. Алдағы мақсаты Атырау мен Ақтау қалаларын бетке алып, сол жақтан жаяу сапарын аяқтайды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз