Əлібек СЕМҒАЛИЕВ,облыстық мəслихат депутаты, меценат: «ҚАРМАҚ БЕРУ қағидатын ұстанамын…»

whatsapp image 2021 10 16 at 21.08.36 Қоғам

«Атырау» газеті «Nur Otan» партиясының облыстық филиалымен бірлескен жаңа жоба бастайды. Мақсат – барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бұқарамен байланысын арттыру, атқарылып жатқан жұмыстар жайын саралау. «Nur Otan» партиясының халық алдында берген уәдесін орындау жолындағы жоспарлар мен кемшіліктерді жариялау. Жаңа айдардың алғашқы кейіпкері – облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев. 

– Әлібек Аманжанұлы, облыстық мәслихат депутаты болу сіз үшін қандай мәнге ие? Абырой, танымалдылық, жауапкершілік… 

– Депутат болу – халық алдындағы зор жауапкершілік. Бұқараның өзіңізге артқан сенімін айқын сезініп, міндетіңізді адал орындағанда ғана абыройдың асқақ болары түсінікті. Мен үшін мадақ- марапаттың керегі жоқ, ең бастысы – елдің сенімі. 

– Ел алдында берген уәдені орындау – «Nur Otan» партиясының басты ұстанымы. Сол үшін бес жылдық арнайы бағдарлама жасақталды. Билеуші партия филиалы жанынан арнайы құрылған «Экология» қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде атқарылып жатқан жұмыстар қандай? 

– Комиссия өз назарына «NСОС» компаниясының Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қазу жұмыстары, «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру, тағы да басқа өзекті мəселелерді алып, осы бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарып келеді. Жоспарда көрсетілген басты индикаторлардың орындалу барысын бақылап, тиісті мекеме басшыларының есебін тыңдаймыз. Комиссия құрамына өңірдегі табиғат жанашырлары, эколог мамандар енгізілген. 

– Жасақталған «Жол картасы» бар. «Жасыл аймақ» тарауы бойынша биылға көзделген жоспарлы жұмыстардың орындалу мерзіміне байланысты не айтар едіңіз?

– Жуырда өткен облыстық филиалдың Саяси кеңес Бюросы жəне Атырау облыстық мəслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен мəжілісінде «Жол картасының» орындалуы жөніндегі мəселелер талқыланды. Онда партия филиалының төрағасы, облыс əкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға орындалмау қаупі бар тармақтар бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. 

– Депутаттардың бұқара арасындағы белсенділігін арттыру – қажеттілік. Халық оларды танымайтынын айтады. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде барлық депутат белсенді емес. Сіз ше? Желімен жұмыс жасайсыз ба, қанша уақыт бөлесіз?

– Əлеуметтік желіні белсенді пайдаланамын. Инстаграмм парақшама 682 мыңнан астам адам тіркелген. Фейсбукте 5 мыңға жуық оқырманым бар. Үнемі жаңалықтарыммен бөлісіп, кейбір мəселелерге қатысты халықтың пікірлерін біліп отырамын. Бұл əсіресе, депутаттық сауалдар дайындағанда, белгілі бір мəселе төңірегінде ұсыныс жасақтауыма үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ бұқара арасында отбасы құндылықтарын жиі насихаттаймын. Өйткені, қоғам тірегі, ел болашағы отбасынан басталады. 

– Есіміңіз ел аузында жомарт жан ретінде жиі айтылады. Негізсіз де емес. Президент Жолдауында бұл тақырып талқыға түсіп, әлеуметтік масылдық үрдісі туралы айтты. Өзгеге көмектесер сәтте қандай қағидатқа сүйенесіз? 

– Шыны керек, бұрын сол «əлеуметтік масылдық» дегенді ескермей, бірталай адамға көмектестім. Кейін оның дұрыс емес екеніне толықтай көзім жетті. Қазір «балық берме, қармақ бер» қағидатын ұстанамын. Өйткені əр адамның өзі еңбектенгенде ғана өмір соқпағындағы қандай қиындықты да шеше алады. 

– «Атырау облысының Азаматық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Сазанқұрақ» ЖШС бас директорының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты. Әрқайсысының өз алдына арқалар жүгі ауыр. Мұның қайсысы жаныңызға жақын? 

– Мен болмысымнан белсенді адаммын. Мамандығым бойынша атқаратын негізгі жұмысыммен табыс тауып, отбасымды асырап отырсам, қоғамдық жұмыстарым арқылы халыққа пайдамды тигізуге тырысып жүрмін. Сондықтан өзіме жүктелген міндеттің қай-қайсысы да жаныма жақын деп нық сеніммен айта аламын. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Гүлжан ƏМІРОВА 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз