ТЕРМОЖАҢҒЫРТУҒА ТҰРҒЫНДАР РИЗА ЕМЕС

h1vf«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Атырау қалалық филиалында депутаттық фракциясының отырысы өткізілді.
Елбасы жүктеген нақты тапсырмалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында өткен отырысты фракция жетекшісінің орынбасары Бағыт Шеркешбаева ашып, жүргізді. Жиынға «Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Баймұхашов, фракция мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеде «2020 жылға дейін ҚР-ның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының Атырау қаласында жүзеге асырылуы бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Нұрғалиевтың есебі тыңдалды.

Аталмыш бөлім басшысының айтуынша, терможаңғыртуға арналған бағдарламаның бірінші тетігі бойынша операторы болып табылатын «Атырау» ӘКК ҰК АҚ арқылы 2011 жылы 120 млн. теңге бөлініп, оның 117,206 млн. теңгесі, ал 2012 жылы 312,500 млн. тенге бөлініп, оның 227,455 млн. теңгесі игерілген.
Бүгінде бірінші тетік бойынша 2011 жылы қолға алынған бес көп қабатты тұрғын үйдің үшеуінің жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, жұмысшы комиссиясымен қабылданған. Ал, қалған екеуінің (Вокзал маңы ықшамауданындағы 3а, 7а және 14а үйлер) жөндеу жұмыстары сапасыз жасалуына байланысты бүгінгі күнге дейін комиссиядан өтпей отыр. Ал, 2012 жылы басталған 10 үйдің жетеуінің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясымен бір үйдің ғана құжаты мақұлданып, алты үйде қабылдау жұмыстары жүруде. Қалған үш үй ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін толықтай аяқталады.
Ал, терможаңғыртудың екінші тетігі бойынша «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС арқылы 2011 жылы 343,750 млн. теңге бөлініп, оның 338,777 млн. теңгесі, 2012 жылы 500,000 млн. теңге бөлініп, оның 452,952 млн. теңге қаражаты игерілген. Бүгінде 2011 жылғы 12 үйдің 11-і жұмысшы комиссиямен қабылданып, қалған бір үйдің (Махамбет көшесіндегі, 118г үй) жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, кәріз жүйесінің істен шығуына және оған тұрғындардың наразы болуына байланысты шешімін таппай отыр. Ал, 2012 жылғы 18 көп қабатты үйдің жөндеу жұмыстары ойдағыдай аяқталып, комиссиясымен қабылдау жұмыстарын жүргізуде.
– Сондай-ақ, бағдарлама аясында Махамбет көшесі, 118 а,б,в,г, Абай көшесі, 17,25 үйлердің жөндеу жұмыстары жүргізілу барысында бірқатар қиыншылықтар кездесіп отыр, – деді Нұрлан Мұратұлы. – Солардың ішіндегі ең маңыздысы, «Атырау Су Арнасына» қарасты орталық кәріз құбырының тұрақты дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан апаттық жағдайда болуына байланысты тазаланған жертөлелер кәріз суына үнемі толып қалуда. Ал, бұл мәселе өз кезегінде тұрғындармен төрт жақты келісім-шартқа отыруға кері әсерін тигізуде.
Бұл орайда «Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Қонысбайұлы бұл тығырықтан шығу жолдарын айтып, партияның әрдайым қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізді.
Сонымен бірге, терможаңғыртуға игерілген қаражатты қайтару мәселесі де көкейкесті болып отыр. 2011 жылда жөндеуден өткен 17 тұрғын үйден жоспар бойынша ағымдағы жылдың 27 мамырында 41486 млн. теңге қайтарылу керек болса, нақты қайтарылған қаражат 6426 млн. теңгені құраған. Қаражаттың дер кезінде қайтарылмауы бұл тұрғындардың мердігер мекеменің атқарған жұмысына көңілі толмауынан болып отыр. Бүгінде осы мәселелерге орай жұмыстар жүргізіліп, мердігер мекеме тарапынан болған олқылықтар екі жыл кепіл мерзіміне орай міндеттеліп, шарасы алынуда.
– Терможаңғырту бағдарламасы бойынша қаламызда атқарылған істер көп. Оны айту керек. Бірақ әлі шешімін табуды қажет ететін күрделі жайттар да жеткілікті. Сондықтан да қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне тұралаған жұмыстарды жандандырып, дер кезінде аяқтауды тапсырамын. Ал, оны бақылау міндетін өзіме қалдырамын, – деді Бағыт Кеңесқызы.
Фракция отырысында – аталмыш фракция құрамы толықтырылып, V шақырылған Атырау қалалық мәслихатының №18 сайлау округінің депутаты депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты фракция мүшелігінен шығарылды. Сонымен қатар, Атырау қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракция жұмыстарының 2013 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары мен депутаттық қабылдау кестесі бекітілді.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз