Бірдейлендіру – тиімді тәсіл емес немесе «көгілдір отынға» қатысты кикілжің

Screenshot 13 Жаңалықтар

Жалпы, өнімнің өзіндік құны дегеніміз не? Ол – дайын тауарды тұтынушыға жеткізуге дейінгі шығарылған шығын. Яғни, кәсіпорындардың өнім өндіру мен өткізуге жұмсаған ақшалай қаражаты. Бұл көрсеткіш неғұрлым аз болса, жұртшылыққа да соғұрлым арзан қызмет ұсынылады. Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, соңғы кезде табиғи газға қатысты кейбір кереғар пікірлер айтылуда. Яғни, «көгілдір отын» құнын бірдейлендіріп, барлық облысқа ортақ тариф тағайындау жайы қозғалуда. Егер солай болса, мұнайлы мекен табалдырығын тағы бір қымбатшылық аттауы ықтимал.

Screenshot_13

Алыстан арбалағанша…

Бұл проблема алдымен үлкенді-кішілі жиналыстарда көтеріліп, кейін Парламент табалдырығын аттады. Сірә, көмірсутегі шикізаты тапшы өңірден сайланған шығар, кейбір сенаторлар мен мәжілісмендер ел бойынша «көгілдір отынға» белгіленер тарифті теңестіру туралы жиі айта бастады. Егер осы бағытта заң қабылданып кетсе, онда оның бәріне бірдей жайлы болмасы да белгілі.

Мәселен, салыстырмалы түрде алғанда, республиканың мұнай-газ кеніштері мол батыс өңірінде коммуналдық қызметтің бұл түрі арзандау. Мұнда елді мекендер табиғи газбен түгел дерлік қамтамасыз етілген. Өркениеттің осы сатысына аяқ баспаған тұрғындары тым аз бірен-саран шағын ауылдар ғана. Ал, еліміздің Арқа бетінде, шығыс жағында, оңтүстігі мен солтүстігінде ірі қалалардың өздері көмірді пайдаланып отыр.

Қазір еліміздің орталық және солтүстік аймақтарын қамтуы тиіс «Сарыарқа» магистральді газ құбыры тартылуда. Жоспар бойынша, алдымыздағы жылдың желтоқсанында Елордаға жетуі тиіс. Бұған дейін бұл бағытта қабылданған үш жоба да сәтсіз болды. Ендігі жұмыс көлемі 370 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Ол Бейнеу-Бозой-Шымкент құбыры арқылы жүзеге асады. Байқап отырсыздар, қыруар қаражат жұмсалмақшы. Әйтсе де, нәтижесінде үш миллионға жуық тұрғын «көгілдір отынға» ие болады. Өйткені, оңтүстіктен орталық пен солтүстікке дейінгі мыңдаған елді мекен қоса қамтылмақшы.

Қызылордадан Астанаға дейінгі құбыр ұзындығы 1081 шақырымды құрайды. Демек, тым қашық. Яғни, алыстан жететін «көгілдір отын» бағасы қымбаттау болуы мүмкін. Әрі бұл заңды да. Ал, Атырауда табиғи газ іргедегі кеніштерден шығып жатыр. Теңіз кенішінің өзінде ілеспе газдың бірнеше миллиард текше метр қоры бар. Оны өңдейтін зауыт та өзімізде. Ендеше, шығын аз. Қазақ «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демей ме? Сонда, егер республикада газ бағасы бірдейленсе, онда атыраулықтар арқалықтықтармен немесе теріскейліктермен тең төлей ме? Экономикадағы негізгі көрсеткіш өнімнің өзіндік құны десек, бұл ұғымға үйлеспейтін ұсыныс.

Қарапайым мысал ретінде айтсақ, облыс орталығынан Махамбет пен Құлсарыға қатынайтын көлік құнын теңестіруге болмайды ғой. Біріншісі іргеде дерлік десек, екіншісі – 250 шақырым жерде. Қашықтығы осылай болған соң бағасына жолаушылар да ренжімейді. Өзге де кез келген қызмет пен тауар да осы тәсілмен сатылады. «Көгілдір отын» да солай болуы керек. Ақысы шыққан шығынына сәйкес төленуі тиіс.

Мұнайлы мекеннің мүмкіндігі мол ма?

Мамандардың айтуынша, ұлттық оператор ретінде тағайындалған «ҚазМұнайГаз» компаниясы «көгілдір отынды» өңдеушілерден қымбат бағасына алып, ішкі тұтынушыларға арзанға сатады екен. Сөйтіп, жылына шамамен 50 млрд. теңге шығынға бататын көрінеді. Үкімет мұны өз тарапынан субсидиямен жауып отыр. Мұның, біздің ойымызша, еліміздің батыс өңіріне, соның ішінде Атырауға қатысы шамалы секілді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бізде «көгілдір отын» іргедегі кеніштерден алынып отыр. Облыста көмірсутегі шикізатының мол шоғырлануы – табиғаттың берген сыйы. Ел бюджетіне қомақты қаржы аударып, шетелдік инвестицияны көбірек тартып отырғанымыз да соның нәтижесі.

Республика бойынша орташа жалақы көлемі көбірек өңірлердің алдыңғы сапында болғанымызбен, халықтың бәрінің айлығы жоғары емес. Мұғалімдер мен дәрігерлердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің қолға тиер ақшасы еліміздің басқа аймақтарындағы әріптестерімен бірдей. Мұны айтып отырғанымыз – тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламада Атыраудағы пәтер құнының 25 млн. теңге болып бекітілуі. Мәселен, бұл бағам Шымкент пен Қызылордада, Қарағанды мен Өскеменде, т.б. – 15 миллион теңге. Енді бұған «көгілдір отын» құнының қымбаттауы қосылса, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандардың қалтасына біраз салмақ түскелі тұр. Соның бәрін көтеретін мұнайлы мекеннің мүмкіндігі соншалықты мол ма?

Сайып келгенде, республиканың оңтүстік өңірімен салыстырғанда Атырауда азық-түлік, бау-бақша өнімдері мен көкөніс едәуір қымбат. Сауда орындарындағы қауын-қарбыз сол жақтан жеткізілуде. Рас, өзімізде де өсіріледі. Бірақ, жеріміздің қуаңдығы, суымыздың тапшылығы егіншілікті кең өрістетуге кедергі болып отыр. Сондықтан, сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Алайда, алыстан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері бізде қымбатқа сатылады. Ендеше, қашықтан тасымалданған газ бағасы неге арзан болуы тиіс? Оны өзінде көмірсутегі шикізаты бар облыспен салыстыруға бола ма?

Бізде «көгілдір отын» бағасы онсыз да көтерілуі мүмкін. Өйткені, бұдан бірер жыл бұрын «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қабылдайтынын айтқан. Оған себеп – газ тарататын құбырларды қалпына келтіру және Атырау өндірістік филиалының әрекет етуші активтерін қолдау. Алайда, биыл табиғи монополияларды реттеу мекемесі аталған акционерлік қоғамның қызметінен артық тапқан табысты тауып, оның тарифін төмендетті. Рас, мұның түрлі техникалық себебі бар болар, бірақ, бір олқылықтың орын алғаны шындық.

«Көгілдір отын» құны туралы бұдан бірер жыл бұрын да жазғанбыз. Қазір сол мақала әлеуметтік желіде жүр. Сонда «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының президенті Айбар Рахманов «Егер газ қымбаттаса, жылу мен электр энергияларына қатысты тарифті де қайта қарауға тура келеді. Өйткені, кәсіпорынның шығыны артады» деген-ді. Рас, бүгінде атыраулық энергетиктер тығырықтан тың шешім тауып, тұтынушыларына зиян шектірмей шығып отыр. Сөйтіп, тарифін сақтап қалды, оны өсіруге жол бермеді. Ал, басқалары осылай істей ала ма?

P.S. Сонымен, қайткенде де, республикада табиғи газ бағасын бірдейлендіру – Атырау үшін қолайлы емес. Өйткені, жоғарыдағылар мұнайлы мекенде тариф төмендігін айтып, қазірдің өзінде шу шығарып жатыр. Біздің ауыр экологиялық аймақта тұрып жатқандығымыз, мұндағы күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасының қымбаттығы олардың қаперіне де кірмейді. «Көгілдір отын» құнына жабысып алғандар енді айрылар түрі жоқ.

 Мұрат СҰЛТАНОВ,  Атырау қаласының тұрғыны:

Сонау жылы құлсарылықтар іргеден шығып жатқан табиғи газды халыққа тегін тарату жөнінде ұсыныс білдірген-ді. Әрине, ол нарық жағдайында мүмкін емес нәрсе ғой. Оның үстіне, өнім тізгіні инвестордың қолында. Әйтсе де, өзгелерден арзандау екені рас. Енді оны басқалармен бірдейлендірсе, онда қымбатшылыққа душар боламыз.

Б.Есбергенов, зейнеткер:

– Жақында білдік, Шымкентте нан бағасы қымбаттап, 60 теңгеге жетіпті. Ал, бізде ол әуелден 60-65 теңге емес пе? Ал, оларда қызанақ пен алманың, қауын мен қарбыздың құны бізден әлденеше есе арзан. Республика бойынша нағыз қымбатшылық батыста, соның ішінде Атырауда. Газ тарифі ғана төмен екен, енді соны көре алмағаны ма?

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз