БАЛАБАҚШАҒА КЕЗЕК ҚАШАН АЗАЯДЫ?

Баланы балабақшаға орналастыру бүгінгі күні ата-аналар үшін өзекті мәселеге айналды. Жыл  сайын  балабақшадағы орынға кезек саны көбейіп келеді. Жылдар бойы кезегін күтіп, қи­налған аналардың бұл жағдайын кім түсінеді? Мәселе «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанынан құрылған сараптамалық комиссия отырысында кеңінен талқыланды.

Жиынды партиялық тұжырымдаманың «Білім және ғылым» бағыты бойынша тәлімгері және фракция жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Бақытгүл Хаменова ашып, сараптамалық топтың жұмысымен таныстырды.

«Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұхановтың басшылығымен «Нұр Отан», Қазақстан коммунистік халық партиясы өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және қалалық мәслихат депутаттарынан сараптамалық топ құрылып,  маусым айының орта шенінде Атырау қалалық білім бөлімінің қызметімен танысты.

Белгілі болғандай, биылғы жаңа оқу жылынан бастап төрт мың 173 балаға балабақшадан орын берілмек. Оның ішінде 247 орын – көпбалалы, 25 орын –  мүмкіндігі шектеулі және 48 орын – әскери қызметтегі ата-аналардың балаларына тиесілі.

Бұған дейін қалалық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінде бас маман  лауазымының  бос   болғандығынан  заңдылық  шеңберінде жасалатын құжаттарды ресімдеуде қателіктер жіберілген» деген Б.Хаменова комиссия құрамын бекітуге негіз боларлық және балабақшаға қабылдауды жүзеге асыратын тиісті Ереже немесе арнайы ұсынымның жоқтығы да балабақша кезегіне қатысты тізімде олқылықтардың орын алуына әкелгенін атап өтті.

Б.Хаменованың айтуынша, тиісті құжаттың жоқтығынан комиссия құрамына лауазымдық міндеттері негізгі талаптарға сәйкес келмейтін тұлғалар енгізілген. Соның салдарынан бір баланың аты-жөнінің бірнеше рет қайталануы, техникалық ақаулықтарға байланысты балабақшаға барып жүрген балалардың әлі де кезектегі тізімнен орын алу фактілері де бар.

Сонымен  қатар,  бұл   келеңсіздіктердің орын алуында ата-аналар  тарапынан  болған  кемшіліктердің   де  бары  анықталған. Бұл жөнінде «Нұр  Отан»  партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының көмекшісі Мақсот Ислат баяндады.

«Балабақшадағы кезек мәселесі жөнінде партия филиалына ата-аналардың арызы көптеп түсуде. Біз 2010 және 2011 жылғы жазылған арыздарды қабылдадық. Жұмыс нәтижесінде бір отбасының бірнеше мүшесі бір бала үшін үш балабақшаға бір мезгілде арыз берген, сол себепті бір баланың фамилиясы үш балабақшадан да табылды. Сондай-ақ, мемлекеттік стандартқа сәйкес мүгедек ата-анасы бар балаларға  жолдаманың кезексіз берілу керектігі ескерілмей, ол балалар жалпы тізімге іліктірілген. Осы санат бойынша арнайы жеңілдік 2011, 2012 жылдары туған  балаларды қамтығанымен, 2008, 2009, 2010 жылдары туған балаларға тиісті жеңілдіктер көрсетілмеген» деді М.Ислат. Оның айтуынша, бүгінгі күні Атырау қаласы бойынша баланы балабақшаға орналастыру жөнінде 21 мың 300 арыз тіркелген. Ал, үстіміздегі жылдың қыркүйек айының есебі бойынша 35 мемлекеттік, 11 жекеменшік, бір ведомстволық балабақшада 13 мың 34 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.

Бүгінгі күні балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында облыста жүріп жатқан жұмыс та аз емес. Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Жанболат  Сұлтанғалиевтың мәліметінше, Атырау қаласы әкімдігінің тікелей араласуымен жуырда Алмагүл ықшамауданында 320 орындық балабақша пайдалануға берілсе, алдағы уақытта Нұрсая ықшамауданында – 280 және 320  орындық,  Геолог елді  мекенінде –  165, Атырау селосында – 160, Жұмыскер селосында – 280, Көкарна елді мекенінде – 280, Тасқала селосында – 280, Еркінқала селосында – 280, Самал мөлтекауданында  290  орындық балабақшалардың ашылуы күтілуде.

Талдау комиссиясының отырысында партияға түскен арыз-шағымдардың ешбірі аяқсыз қалмай, қанағаттандырылғаны айтылды. Дәлірек айтқанда, Атырау қалалық білім бөлімінен 2009, 2010, 2011 жылдары арыз жазған ата-аналар мен 2012 жылы жеңілдікке ие ата-аналар өз арыздарының нәтижесінде балабақшаға жолдама алатыны белгілі болды.

Алтыншаш
НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз