АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛ!

7betadБұл әр адамның тікелей өзіне байланысты
Қазіргі таңда адамның орта өмір сүру деңгейі 70 жасқа жетті, бір жасқа дейінгі бала өлімі екі есеге дейін азайды, табиғи өсім мен туу көрсеткіші өсті, оны біздің Атырау облысының әлеуметтік көрсеткіштерінен де көруге болады. Мұның өзі – тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарғанының, олардың болашаққа деген сенімі артқанының, біздің мемлекетіміздің қандай қуатты елге айналғандығының айқын белгісі. Біздің бұл әлеуметтік көрсеткіштерді одан әрі пәрменді түрде жақсартуға толық мүмкіндігіміз бар, оның басты шарты – тұрғындардың өз денсаулығына деген ұрпақ алдындағы жауапкершілігi.

Қандай аурудың да алдын алмаған жағдайда ол науқас үшін де, мемлекет үшін де қымбатқа түсетінін ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өзінің Мәжіліс депутаттары алдындағы сөзінде ашық айтты, ол мысалға қатерлі ісік ауруының асқынған түрін емдеу мемлекет үшін бір адамға 27 млн. теңгеге түсетінін, ал, оны алдын ала емдеген жағдайда бар болғаны 6 мың теңге ғана болатынын және науқас бұл аурудан құлан-таза жазылатынын айтты. Яғни, дәрігерлерді қатты толғандыратын басты мәселе – көпшіліктің өз денсаулығына жауапсыз қарайтындығы, олардың оны өз мәселем деп қарамауы, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі, әсіресе, жастар арасында денсаулықтың қадірін білмеуі. 
Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Әрбір ата-ана болашақ нәрестесін дүниеге әкелер алдында әбден денсаулығын түзетіп, тіпті, уақытша болса да зиянды әрекеттер арақ, темекіден бас тартқаны жөн, соның ішінде денесінде созылмалы жұқпалы аурудың барлығынан арылуы қажет. Біріншіден, жыныс орындары арқылы берілетін жұқпалы аурулардан тазаруы керек, бұның бір қиын жері – ондай аурудың ағзасында бар екенін екі жақтың да білмеуі және оның кей жағдайда тіптен еш белгісінің болмауы, тек қана қанның анализі арқылы анықтауға болатындығы. Мәселен, цитомегаловирус, қызамықтың вирустары барлық жағдайда дерлік кемтарлыққа соқтырады, тіпті, ауыз қуысында бірде-бір шірік тіс болмауы қажет. Сондай-ақ, туберкулезбен ауыратын, басы ауыратын, болмаса асқынған науқасы бар аналардың жүкті болуы да әлі күнге көптеп тіркелуде. Осы көрініс балаларға берілетін мемлекеттік көмекпен ғана күн көріп отырған, аз қамтылған жанұялардың арасында көптеп кездесіп отыр.
Енді бір мәселе – адам өлімінің 52 пайызын құрайтын жүрек-қан тамырлары ауруының жайы. Мемлекетіміз осы аурудың түрін алдын ала анықтап, оны емдеу үшін дәрі-дәрмектің тегін берілуін қамтамасыз етіп отыр. Алайда, өкінішке орай, тұрғындар бұл аурудың асқынған түрімен бұрын-соңды емделмеген күйде «жедел жәрдеммен» ауруханаларға түсуде. Өйткені, олардың бірде-бірі өздерінің қан құрамындағы холестерин мен қанттың деңгейін білмеуі, оны біліп, бір деңгейде ұстаудың қандай маңызы бар екеніне мән бермеуі, жастар арасындағы семіздік, аз қимылдау — мұндай аурулардың етек алып, қазіргі заманның өзекті мәселесіне айналуына апарып соғуда.
Тағы бір ойланатын мәселе – жыныстық қатынастар арқылы берілетін жұқпалы аурулар. Шетелге жаппай еліктеу, олардың мәдениетінің, өркениетінің жақсы жақтарымен қатар, келеңсіз, көлеңкелі беттерін де елімізге алып келді. Әсіресе, жастар арасындағы бей-берекетсіз жыныстық қатынастар бізге белгілі СПИД, сифилис, гонореядан да басқа көптеген жұқпалы жыныс жолы арқылы берілетін ауруларды тудыруда, бұл өз кезегінде жас жігіттер арасында қуықасты безінің қабынуы салдарынан белсіздік пайда болуына, ұрықтың жеткіліксіз бөлінуі әсерінен оның ұрпақсыз қалуына соқтыруда, ал, тұрмыс құрмаған қыз балалар арасында жатырдың ісігі, фиброматозды ауруының тіркелуі де – алаңдатарлық жайт.
Қайткен күнде де денсаулықтың жақсы болуы әр адамның тікелей өзіне байланысты, бұл зор жауапкершілікті, мәдениетті, ұстамдылықты, жігер-қайратты, тұрақты салауатты өмір салтын ұстануды талап етеді.

Ғазиз ЕСҚАЛИ,
№7 қалалық емхананың бас дәрігері,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз