
Жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңа көліктермен толықты
Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі Теңізшевройл компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, ірі компанияның қолдауына ризашылығын білдірді.

— Жаңа жыл қарсаңында өңірдегі маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асырылып отыр. Ірі кен орнының әлеуметтік жауапкершілік жобасы аясында жедел жәрдем қызметіне автокөліктер жеткізілді. Бұл шара шұғыл медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы үш посты бар заманауи жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы аяқталады. Бұл — өңірдегі медициналық қызмет сапасын жетілдіру бағытындағы маңызды қадам, — деді облыс әкімі.

Жаңа автокөліктердің ішінде JAC базасындағы “А” санатты 10 санитарлық көлік және GAZelle Next базасындағы “В” санатты 15 көлік бар. Барлығы да алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде тәулік бойы 48 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді: бір реанимациялық-интенсивті, бір педиатриялық және 46 фельдшерлік бригада жұмыс істейді. 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша “103” қызметіне 329 610 шақырту қабылданып, 17 мыңнан астам тұрғынға телефон арқылы кеңес беріліп, барлығы 299 906 науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілген.
Еркеназ ҚАЛИЖАН


