
Түнектен кейін атқан таң
Айы-күні жетпей өмірге келген шақалақтардың көз жанарын сақтап қалуға бүгінде мүмкіндік бар. Облыстық перинаталдық орталықта ашылған шала туылған нәрестелер патологиясы ретинопатиясында дәрігерлер осы өңірдің ғана емес, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан да келген дертті сәбилердің көзіне ота жасап, жарық сәуле сыйлап жүр.
Медицинада «уақыт – алтын» деген ұғым қалыптасқан. Облыстық перинаталдық орталығындағы «Ретинопатия орталығы» – осы алтын уақытты тиімді пайдалануға арналған үміт мекені. Олай дейтініміз, бұл орталық ашылғанға дейін еліміздің бас қалаларына жете алмай, талай бала көрсоқыр болған. «Әттең, тонның келтесі-ай» демекші, мүмкіндіктің жоқтығынан нәрестелерге дер кезінде көмек қолын соза алмаған мамандар да сол кездегі өкініштерін әлі күнге ұмыта қоймады.
Отызға жуық ота жасалды
Иә, мамандар болғанымен, мұндай орталықты ашу оңай емес. Өйткені нәрестелердің денсаулығына тексеріс жүргізіп, ота жасайтын медициналық құрал-жабдықтар өте қымбат тұрады. Десек те, аталған орталыққа демеушілер қол ұшын созып, сәбилерге үміт шырағын сыйлады.
– Ретинопатия ауруы – көздің торлы қабықтарындағы тамырлардың екі жақты бұзылуы. Ол бүгінде күрделі дерттің біріне айналып, белең алып барады. Яғни, ауыр жағдайда мерзімінен бұрын жүктіліктің 34 аптасына дейінгі туған нәрестелерге дер кезінде ота жасалмаса, болашақта қос жанарынан мүлдем айырылып, зағип болып қалуы мүмкін. Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтау үшін перинаталдық орталықтарда офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Біз скринингтік жабдықтармен қоса ең алдымен арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қамтамасыз ету керектігін түсіндік. Облыстық перинаталдық орталығы 2015 жылы диагностикалық офталмоскоппен жабдықталды. Бірақ 2016 жылға дейін арнайы маманның жоқтығына байланысты ретинопатия диагнозы анықталған нәрестелер дер кезінде Алматы мен Астана қалаларына жіберіліп келді. 2016 жылы бұл бағыттағы оқытылған маман штатқа алынып, содан бері қарай бірнеше ота сәтті жасалды, олардың қатарында Маңғыстау облысынан келген сәбилер де бар. Орталығымызда былтыр – 10, биыл 28 ота жасалды, — деді облыстық перинаталдық орталығының басшысы Қазбек Ермағамбетов.
Бұл жай сандар емес, бұл – ондаған баланың тағдыры. Жарық дүниені көріп, өмірге екінші мәрте келгендей жарық сәулесін көрген бақытты сәт. Ретинопатия орталығының артықшылығы да осында.
Аналардың денсаулығы алаңдатады
Соңғы жылдары күнінен бұрын ерте босану жағдайы көбейген. Дәрігерлер бұрын мұндай егде жастағы әйелдер арасында орын алатын болса, қазір жап-жас аналардың күнінен бұрын босануы жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде, өмір үшін күресіп жатқан шала туылған шақалақтардың жанында тұрып бұл туралы айтқан неонатолог дәрігер Алмагүл Халидуллина мұның қазіргі қоғамның басты проблемасына айналып бара жатқанын жеткізді. Ал шала туылған шақалаққа ерекше күтімнің қажеттігі былай тұрсын, түрлі айықпас дертке шалдығып жататыны тағы бар.
Ерте туылған нәрестелерге арналған жансақтау бөліміндегі өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратында өмірлері қыл үстінде тұрған кіп-кішкене тағдырлар жатыр. Арнайы құрылғыға қосылған кіп-кішкене шақалақтарды көргенде тұла бойың тітіркене жаздайды. Алмагүл Байғалиқызы бұл жансақтау бөлімінде ең азы 500 грамм болып өмірге келген сәбидің де болғанын айтты. Осы жерде айлап жатып, дәрігерлердің кәсібилігі мен ұзақ мерзімді тынымсыз еңбегінің нәтижесінде салмақ жинаған балақай үйіне шыққан соң сырқаттанып қалып, облыстық балалар ауруханасында көз жұмған. «Ол хабар бізге өте ауыр тиді. Қанша күн мен түн күтіп баптап өсірген шаранамыздың шетінеп кеткенін естігенде көпке дейін өз-өзімізге келе алмай жүрдік» дейді дәрігер.
Мұнда шақалақтар кемінде 2 кг салмаққа жету үшін айлап жататындықтан дәрігерлермен орта медициналық қызметкерлердің балаларға әбден бауыр басып, өз баласындай көріп кететіні рас. Міне, жоспарсыз жүктілік пен денсаулыққа салғырт қарағанның соңы осындайға әкеледі.
Орталықты аралау барысында біз көрген көрініс ересектердің «саналы» түрдегі шешімінің нәтижесі екендігін анық сезінгендейміз. Ащы да болса айтайық, бұл бүгінгі жұптардың жүктілікті жоспарлау мәселесіне салғырт қарайтындығының айқын көрінісі емес пе? Ал, өмірге келе сала ананың құшағында емес, жасанды аппаратта жатқан шақалақтардың кінәсі қандай?!
«Әттең, тонның келтесі-ай»
Жергілікті мамандар облысқа жақын орналасқан өңірлермен де тығыз байланыс орнатылғанын айтады. Яғни, көршілес облыстардағы нәрестелерге өңірімізде сапалы операциялар жасауға толық мүмкіндік туды. Атаулы шараға Маңғыстау, Қызылора, Батыс Қазақстан облыстарынан келген мамандар да нәрестелердің дер кезінде көз жанарын емдеуде мұның таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді. Себебі ол өңірлерде «қолдың қысқалығынан» талай жазықсыз шақалақ қос жанарынан айырылған.
– Өкінішке қарай, Маңғыстау облысында мұндай орталық жоқ. Отаға қажетті құрал-жабдықтар да таптырмайды. Соның салдарынан, 2023 жылы 6 баламыз соқырлыққа душар болды. Бір жағынан оларды қағазбастылықтың кесірінен бас қалаларға уақытылы жеткізе алмадық. Сансыз қан талдамаларын тапсырып, республикалық орталықтарға жібереміз. Одан соң ол жақтан жауап күтеміз. Ол жауап келген күннің өзінде санавиация келіп болмайды. Қанша жерден жанайқайымызды жеткізіп жатсақ та еш нәтиже жоқ. Бұған біз дәргер ретінде қатты өкінеміз… Ал осы жолы атыраулық әріптестерім артық сөзге келместен бірден келісімдерін беріп, жаңаөзендік екі нәрестені қауіпті дерттен құтқарып қалды. Бұл екі өңір арасындағы алтын көпір іспетті, — деді маңғыстаулық офтальмолог дәрігер Әсел Дикаева.
Коронавирустың кесірінен
Әсел Сапарбайқызының айтуынша, коронавирустық инфекция бүгінде өмірге келіп жатқан ұрпақ саулығына да зардабын тигізуде. Анасының құрсағында дамып, жетілген салмақты балалар да түрлі туабітті дертке шалдыққаны белгілі болып отыр.
– Бұрын біздер бала 27-28 аптада дүниеге келсе 1 кг тым кішкентай, ретинопатияға анықталады деп қорқатын едік. Білесіз бе, ковидтан кейін бұл дерттің күрделі түрі тіпті 34-35 аптада өмірге келген салмағы 2 кг-дан асатын сәбилерден де анықталып отыр. Мұны ковидтің салдары деп мен ғана айтып отырғаным жоқ, астаналық дәрігерлердің де ойлары да осындай. Бакуде өткен конференцияда ресейлік әріптестеріміз ковидтің салдарымен күресіп жатқанымызды айтқанымда, олар орындарынан екі қолдарынан көтеріп тұрып: «Дұрыс айтып отырсыз, бізде Ресейде де нәрестелер осындай қан тамырларымен байланысты аурулармен өмірге келуде» деп шулай жөнелді, — деді ол.
Маңғыстаулық дәрігер әсіресе мұндай дертке шалдыққан балалар кезінде коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған аналардан өмірге келіп жатқанын жасырмады.
Әр сәбидің жанары – болашаққа ашылған терезе. Сол терезенің жарығын сөндірмей, сәби жүрегіне үміт сәулесін ұялатып жүрген дәрігерлердің еңбегі қандай құрметке де лайық. Иә, ретинопатия орталығы – тек емдеу орталығы емес, ол – мейірім мен кәсіби жауапкершілік тоғысқан жер.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
*Сіз не дейсіз?
Сәуле САРИЕВА,
Маңғыстау облысының тұрғыны:
– Бұл – менің бесінші перзентім. Баламды жүктіліктің 33 аптасында дүниеге әкелдім. Одан кейін дәрігерлер көзінің көрмейтінін айтып, уайымға салындым. Ата-ана үшін бауыр еті баласының денінің саулығынан артық байлық жоқ шығар, сірә?! Тоғыз ай көтеріп келген баламның осылай кемістікпен туылғанына қынжылдым. Дегенмен уақыт жоғалтпай, екі облыс дәрігерлерінің ауызбіршілігінің арқасында осы жерге келіп, баламның көзіне ота жасалды. Осында келгелі сәбиім біраз салмақ та қосты. Баламның көзін емдеп жазған қолы алтын дәрігерлерге аналық алғысымды айтамын, — деді ол.
Қазбек ЕРМАҒАМБЕТОВ,
Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы:
– Ретинопатия ауруы – көздің торлы қабықтарындағы тамырлардың екі жақты бұзылуы. Ол бүгінде ең қиын дерттің біріне айналып, белең алып барады. Яғни, ауыр жағдайда мерзімінен бұрын жүктіліктің 34 аптасына дейінгі туған нәрестелерге дер кезінде ота жасалмаса, болашақта қос жанарынан мүлдем айырылып, зағип болып қалуы мүмкін.


