
Саулығына салғырт қарайтын ана
Денсаулық сақтау министрлігі биыл алғаш рет «Аналар саулығы» мақсатты бағдарламасы аясында жүктілікке дайындық жүргізу үшін 5,1 млрд. теңге бөліп отыр. Бұл қомақты қаражат есебінен болашақ аналар медициналық тексерудің 12 түрінен өте алады.
Ананың физикалық әрі психологиялық саулығы – баланың дамуына тікелей әсер етеді. Сол себепті министрлік тарапынан бастау алып жатқан оң өзгерістер аналардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына, өмір салтын оң бағытқа өзгертуіне мүмкіндік берері анық.
Әйелдер кеңесі қайта жанданды
Биыл ана мен баланың денсаулығын қорғау, болашақ аналарды жан-жақты қолдау мақсатында емханаларда әйелдер кеңесі бөлімшелері қайта ашылды. Мұнда профилактикалық шаралар күшейтіліп, кешенді көмектер көрсетілуде.
Сонымен қатар қауіп тобына жататын және шалғай өңірлерден келген жүкті әйелдерді алдын ала бақылауға алу үшін «Салауатты ана» пансионаттары жұмысын бастады. Мамандардың айтуынша, бұл бастама олардың жүктілігін қауіпсіз әрі сапалы өткізуге жағдай жасайды.
Жүктілікті жауапкершілікпен жоспарлау – ананың да, болашақ сәбидің де өмірі мен саулығын сақтаудың басты кепілі. Бұл – түрлі аурулардың алдын алып, қауіп-қатер деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Саладағы кадр тапшылығын шешу мақсатында акушер-гинекологтар мен неонатологтарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары енгізілген. Соның нәтижесінде медициналық кадр тапшылығы 19 пайызға, ал ауылдық жерлерде 11 пайызға азайған. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеген болатын.
– Аналардың денсаулығын күшейту үшін биыл алғаш рет жүктілікке дайындыққа арнайы қаражат бөлінді. Әйелдер тегін зерттеулерден, қажет болса сауықтыру шараларынан өтеді. Бұл жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кей өнірлерде тұрақтылық байқалады, — деді ведомство басшысы.
Министрлік қазір аудандық деңгейдегі перзентхана бөлімшелерінің жұмысын талдап, ана өлімін түбегейлі азайтуға бағытталган кешенді шараларды колға алған.
«Салауатты ана» пансионаты өңірдегі Атырау облыстық перинаталды орталық базасында жуырда жұмысын бастаған болатын.
– Пансионатта шалғай аудандардан айы-күні жақындаған және жүкті әйелдер орналастырылады. Олар босану күніне дейін осында дәрігерлер бақылауында болады. Пансионат алыс өңірлерден келетін жүкті әйелдерді алдын ала босану мекемесіне жақын жерде болуын қамтамасыз етеді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева.
Шаңырақтың шуағы
Кейінгі жылдары елімізде әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Өйткені ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған жандардың саны жылдан-жылға көбейіп барады. Қазір әрбір 6-шы отбасылық жұп бала сүюді аңсауда. Ал ресми статистиканың жылдан-жылға өсуі репродуктивті медицина саласындағы ғылыми зерттеуді дамытуға себеп болуда. №7 Атырау қалалық емхана директоры, қалалық мәслихат депутаты Гүлнәфис Таңбаева репродуктивті денсаулықтың дұрыс болмауы бедеулікке ұрындыратынына көптеген жанұяның әлі де сенімсіздікпен қарайтынын айтады.
– Отбасын – тәрбие ошағы, шағын мемлекет дейміз. Ал ана – шаңырақтың шуағы, отбасының бақыты мен берекесі. Сондықтан ана деген ардақты атқа ие болған әрбір әйел затының алдында өскелең ұрпаққа деген үлкен жауапкершілік міндеті тұр. Қазіргі медицинаның дүние есігін ашар сәбидің денсаулығын ерте тексеріп, ауыр дертін ерте анықтауға мүмкіндігі зор. Алайда осының бәрі анықталғанымен, әйелдер арасында әртүрлі діни көзқарасқа байланысты жүктілікті тоқтатудан бас тартып, «Алла берді, мен өмірге әкелемін» деген қалыптасқан көзқарастан әлі де болса шыға алмай жүргендер кездеседі.
Әртүрлі ерекшеліктермен, әсіресе жеке ауытқушылықтары, гипербелсенді, аутистикалық белгілері бар балалардың дүниеге келуінің себебі бұл ғана емес. Қазіргі цифрлық заманның әсері, экологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, болашақ аналардың физикалық саулығының, салмағының жоқтығы, уақытында емделмеуі, дұрыс тамақтанбауы, зиянды әдеттерге (электронды шылым шегу, әртүрлі шөптерді пайдалану) әуестігінің салдары сөзсіз құрсақтағы балаға кері әсерін тигізеді. Бұл балалардың ерекше немесе мүгедек болып туылуына әкеліп соқтырады, — деді Г.Таңбаева.
Семіздік пен қаназдық
Гүлнәфис Әбділдәқызының айтуынша, ана саулығының нашарлығы, оның ішінде жүктілікке дейін немесе жүктілік кезінде дұрыс емделмей қалған аурулардың болуы нәресте үшін аса қауіпті. Өйткені ол дерт нәрестеге анасы арқылы берілуі әбден мүмкін. Бұл шарананың уақытынан ерте туылуына немесе дене салмағының аз болуына әсер ететін негізгі фактор. Ол болашақта бала денсаулығының басқа да проблемалардың туындауына да себеп болады.
– Әр ана баласына төнетін қауіптің алдын ала алады. Ол үшін біріншіден, әйел жүктілікке дейін денсаулығын күтіп және жақсы тамақтануы, күйзеліске түспеуі маңызды. Екіншіден, ол әр жүктілік кезеңінде медицина қызметкеріне кемінде төрт рет қаралғаны абзал. Үшіншіден, босанғаннан кейін ана мен бала алғашқы 24 сағатта, бірінші аптада және алты аптада тиісті мамандарға қаралуы керек. Қазіргі кезде негізінен 16-25 жастағы әйелдердің гинеколог-дәрігер қабылдауына бармайтындығы алаңдатарлық мәселеге айналып отыр. Ал ол жастағылардың жыныстық сауаты енді жетіліп жатқандықтан, гинекологқа тексеріліп тұруға бейжай қарауына болмайды, — деді маман.
Дегенмен көп әйел өз денсаулығына әлі де болсын атүсті қарайды. Мұны елімізге белгілі флеболог Нұрғазы Құрманәлі де жоққа шығармады. Оның айтуынша, қазақ әйелдерінде әсіресе жатыр варикозы жиі кездеседі.
– Біздің күнделікті кеңесімізге 10 орыс әйелі келсе, оның біреуінен де жатыр варикозын көрмейміз. Ал 10 қазақ әйелі келсе, соның кем дегенде 7-8-інде осы ауру түрі анықталып жатады. Былай қарасаң екеуі бір ағза, бірақ үлкен айырмашылық бар. Мен бұл бойынша өте көп зерттеу жасадым, өзге шетелдерге де бардым. Негізінен қала мен ауылда тұратын әйел адамдардың арасындағы айырмашылық тым үлкен. Біз тобымызбен Сарыағашқа барған кезімізде 150 адам кеңесімізге жүгінді. Сонда таңғалғаным бар. Ащы да болса айтайын, олар Чернобыльден шыққан адамдар секілді. Арасында жүкті аналар да бар. Аяқтарында асқынған варикоздар. Шаштары түскен. Кейбірі семіздікке де ұшыраған. Қаназдықпен және оны қалыпты санап жүрген жүкті аналар да кездеседі. Ал мұндай көріністің арғы жағын зерделеп қарасақ – әлеуметтік мәселе тұр, — дейді маман.
Иә, маманның жанайқайы – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Ауыл мен қала арасындағы теңсіздік, әлеуметтік, сауаттылық мәселесінің өзектілігін жоққа шығара алмаймыз. Бұл мәселе әлі де тереңірек үңілуді қажет етеді. Ана мен бала саулығы тек дәрігерлердің ғана емес, қоғамның мәселесі деп қарау себеміз де осы.
Сөз түйіні:
Соңғы жылдары облыста ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында көп жұмыс атқарылуда. Перинаталдық орталықтар қызметі жанданып, ауылдық жерлердегі жаңа медициналық пункттер, цифрлы диагностикалық жүйелер іске қосылды. Соған қарамастан, жүкті әйелдердің арасында қаназдық, эндокриндік аурулар мен асқынулар азаймай тұр. Бұған басты себеп – аналардың өз денсаулығына салғырт қарайтындығы. Көпшілігі жүктілік кезінде қажетті скрининг пен дәрігерлік тексерістерден уақытылы өтпейді. Кейбір әйелдер тұрмыс қамымен жүріп, өз денсаулығына маңыз бере бермейді. Ал дәл осы «кейіннің» соңы кейде орны толмас өкінішке әкеліп жатады.
Әйелдер қауымы профилактикалық тексерулердің маңыздылығы өте жоғары екенін ескере отыра, өзіне, денсаулығына, балаға қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыруға ниетті болуы керек. Денсаулық сақтау – дәрігердің емес, ең алдымен әр адамның парызы. Ал ананың ауруға душар болуы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де – үлкен қасірет.
Мәлике МӘЛІК


