
Қызылша тағы күшейді ме?
Жұртшылық жыл басында көрші Қырғыз елінде қызылшадан 8 адамның қайтыс болғанын ұмыта қоймағандықтан болар, ел ішіндегі «балалар қызылша жұқтыра бастады» деген хабарды естіп, ата-аналар ұзын-сонар кезекке де қарамастан балаларына екпе салдыра бастады. Ал дәрігерлер сақтық шараларын қолға алып, бұқараны екпе алуға шақырып жүр.
Қызылша туралы хабарды айналасынан естіп жүрген ата-аналардың байбаламға салынуы бекер емес. Коронавирустың салдарын сезінген халық жұқпалы аурудың атын естісе, екпе алуға асығатын болды. Бұл дұрыс, әрине. Бірақ екпені ауру әбден дендеген соң ғана еске алатынымыз қалай? «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын ізде» дегенге біз осы неге атүсті қараймыз?
Елде қызылша жұқтырғандардың анықталуы бұл жолы да тұрғындардың медициналық сауатының жеткіліксіздігін көрсеткендей. Тұрғындар ғана емес, бүгінгі жағдай балаларға жасына байланысты екпе салуды ұйымдастыратын емханалар, учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің де жұмысына салғырттығын айқын аңғартады. Байқап қарасаңыз, учаскелік медбикелер бұрынғыдай емес, нәрестенің айына, жасына байланысты екпесін алу қажеттігін ескертіп, хабарласпайды. Жас босанған келіншектердің артынан қалмай «екпе алыңыз» деп жүгірмейді. Бұған соңғы жылдарда екпеден бас тартушылар санының артуы да себеп болса керек. Десек те әр адам, әсіресе сәбидің саулығына жауапты ата-ана екпені уақытында ғана алған тиімді екенін естен шығармауы тиіс. Ал дәл қазіргі жағдай «ештен кеш жақсының» кебі іспетті.
Биыл қызылшаның «қаһарына мінгеніне» айқын дәлел, облыста 120 науқас тіркелген. Әйтсе де былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 19 есе төмендеген.
– Облыстағы қызылшаның күш алған кезі 2019 жылы, 774 сырқат тіркелді. Ол кезде дерттің әрі қарай таралмауы үшін тоғыз айлық балалар және 20-29 жастағы ересектерге қосымша иммундау жұмысы жүрді. Соның нәтижесінде қызылша ауруының 7,6 есе төмендеуіне қол жетті. Сол жағдай екпе салудың жұқпалы дертпен күресудің бірден-бір нәтижелі жолы екендігінің дәлелі болды. Ал 2021-2022 жылдары бұл індет өңірде анықталған жоқ, — дейді Атырау облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ербатырова.
Оның айтуынша, облыста қызылшаға қарсы екпеге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы сертификат беріпті. Демек вакцина тиімді әрі қауіпсіз.
– Көбінесе тұрғындар қызылшаға немқұрайдылық танытып, асқындырып алады. Ең қауіптісі сол, бұл кесел көздің көрмей қалуы, мидың ісінуіне әкелетін энцефалит, пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін. Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцинопрофилактика. Республика ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпе жасау бір жас-бір жас үш айында, әрі қарай ревакцинациялау алты жаста жүргізіледі. Екпені тегін, жергілікті мекен-жай бойынша емдеу-сауықтыру мекемесінен алуға болады, — деді Гүлназ Абайқызы.
Қазір медициналық мекемелер, әсіресе тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасайтын емхана қызметкерлері қызылшадан қорғану мақсатында екпе туралы жан-жақты ақпараттық насихат жүргізіп жатыр. Дәрігерлер қызылшаның денсаулыққа қауіпті екенін тектен-текке айтып, дабыл қағып жатқан жоқ. Тәжірибелі дәрігер-инфекционист Надя Ерғалиева оның әсіресе, балалар мен жүкті әйелдерге ауыр соғатынын айтады. Пневмония, менингит, артрит секілді ауруларды асқындырып, саулықтың нашарлауына соқтыратынын қаперге берді.
– Қызылша ауруы – жедел вирустық инфекция. Оның вирусы өте ұшпалы. Егер қызылшаға қарсы екпе алмаған, бұрын осы аурумен ауырмаған, науқаспен байланыста болған адам болса, індетті жұқтыратыны сөзсіз. Ондайда қызылша жұқтырған адамның жанында екі-ақ минут тұрса жеткілікті. Бұл инфекцияның жасырын, яғни инкубациялық кезеңі – 7-21 күн аралығында. Алғашқы клиникалық белгісі кәдімгі жедел вирустық инфекциялар секілді жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы секілді белгілермен басталады. Тек соңғы күндері ғана қызылшаға тән ұрттың ішкі бетінде ағарған нүктелер мен тамақта қызыл бөртпелер пайда болады. Ауырғаннан бастап бесінші күнді «бөртпе кезеңі» дейміз. Бөртпе әуелі құлақтың артына, сосын бетке шығады. Ұсақ бөртпелер әртүрлі формада болып, бір-біріне қосылып денеге тұтасып кетеді. Кейін кеуденің жоғары тұсына, аяқ пен қолға қаптайды. Бұл кезең бойы дене қызуы көтеріліп, науқас адамды сандырақтатады, — дейді маман.
Дәрігерлер қызылшаға қарсы екпе алған адамның бұл дертпен мүлде ауырмайтынын немесе жеңіл өткеретінін айтты. Індетті ауыздықтау үшін емханалар мен ондағы учаскелік дәрігерлер тұрғындармен байланысын нығайтуы қажет. Алайда, азаматтардың медициналық қызметтің сапасына деген сенімінің азайып кетуі – ащы шындықтың бірі. Дейтұрғанмен, дәрігерлер пациенттің сеніміне ие болу басты серті екенін ешқашан естен шығармауы тиіс. Ал абырой – ант алдындағы адалдықпен ғана өлшенеді.
Халықтың денсаулығын сақтау әркімнің жеке жауапкершілігіне де байланысты. Вакцина – аурудың алдын алатын ең тиімді әрі қауіпсіз құрал екенін ұмытпаған жөн. Уақытында екпе алу өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да қорғаудың кепілі.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА



