Қызылқоғада тұмау жұқтырғандардың саны артты

screenshot 12 3 Медицина

АУА РАЙЫНЫҢ КҮРТ ӨЗГЕРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДА 68 АДАМ ЖЕДЕЛ ВИРУСТЫ РЕСПИРАТОРЛЫҚ АУРУДАН ЕМДЕЛДІ.

Қызылқоға аудандық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сырқаттанғандардың 41-і бала болып отыр. Әдетте біз тұмауға жеңіл-желпі қарай саламыз. Алайда, мұның соңы денедегі өзге де созылмалы ауруларды өршітіп, асқындыруы мүмкін. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау микробы ауаға жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық арқылы таралады. Тұмау вирусы өте тез тарайды.

– Күн суытқаннан бастап алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Учаскелік дәрігер кезекшілік атқарады. Жұқпалы аурумен балалар жиі науқастанады. Сондықтан, алдын ала ақпарат беріліп, екпе салынып, тұмаудан сақтану жолдары түсіндіріледі, – дейді эпидемиолог дәрігер Ақниет Қоныс.

2800 адамға екпе салынса, оның ішінде 510-ы бала, 197-сі жүкті әйел. Балалар мен дәрігерлік есепте тұрған науқастарға екпе тегін салынады.

«Тұмау басталғанда дене дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және науқастың тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, бұлшық еттер сыздап, буынбуын сырқырайды, мұрын бітеді, дауыс қарлығып, жөтел пайда болады, тамақ қызарып, жұтынғанда ауырады, көз қызарып жасаурайды. Тұмаумен ауырған адам міндетті түрде дәрігердің бақылауында болып, ауасы таза оңаша бөлмеде жатып тынығуы керек. Дене қызуын, дене сырқырауын басатын дәрілер ішкені жөн» дейді дәрігерлер.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз