
Қуатты Қазақстан – дені сау ұлттан басталады
Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінді. Бұл кездейсоқ емес, себебі халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, ұлттың болашағының кепілі. Қандай реформа жасалса да, ең әуелі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет.
Соңғы жылдары елімізде медициналық инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандар салынып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 жаңа медициналық мекеме пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 115 нысан іске қосылады. Бұл – шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді бола бастағанының айғағы. Енді дәрігерге қаралу үшін облыс орталығына немесе қалаға сабылудың қажеті жоқ.
Қалаларда да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Астанада онкология орталығының ашылуы – қатерлі ісікке шалдыққан науқастар үшін үлкен қолдау. Ал Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы іске қосылып, індетке қарсы күрестің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Бұл нысандардың барлығы – ел азаматтарының өмірін сақтауға бағытталған стратегиялық шешімдер.
Президент айтқандай, жаңадан салынған көпбейінді ауруханаларды халық игілігіне уақытылы беру аса маңызды. Құрылыс бітіп тұрса да, бюрократиялық кедергілер салдарынан пайдалануға берілмей кешігу – қоғам үшін үлкен шығын. Сол себепті артық рәсімдерді қысқартып, азаматтарға дер кезінде сапалы қызмет көрсетуді жолға қою қажет.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың тағы бір өзекті бағыты – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік. Жеке инвестиция тарту арқылы жаңа нысандарды көптеп салуға мүмкіндік туады. Бұл тек медициналық инфрақұрылымға ғана емес, өңірлік дамуға да оң әсер етеді. Жаңа ауруханалар мен емханалардың ашылуы – жаңа жұмыс орындары, жаңа мамандардың келуі, халықтың тұрмыс сапасының артуы деген сөз.
Фармацевтика саласын дамыту мәселесі де Жолдауда ерекше аталды. Пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы үлкен сын болғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан отандық өндірісті күшейтіп, дәрілердің түрін және қолжетімділігін арттыру – стратегиялық міндет. Бұл халықты импортқа тәуелділіктен арылтып, ұлттық қауіпсіздікті нығайтады.
Қаржыландыру тетіктерін жетілдіру – саланың тұрақтылығы үшін аса қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің бюджеттік реттеушісі болып отыр. Қор тарапынан шығындарға қатаң бақылау орнатылуы – қаражаттың мақсатты жұмсалуына және қызмет сапасының артуына ықпал етеді. Бұл ретте ашықтық пен тиімділік басты қағидат болуы тиіс.
Жалпы алғанда, Президенттің Жолдауда айтқан бастамалары – еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңа белеске шығаратын нақты бағдар. Медициналық инфрақұрылымды дамыту, дәрі-дәрмек өндірісін жолға қою, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мамандардың әлеуетін көтеру – барлығы да халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралар.
Халықтың денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Осы бағыттағы жүйелі қадамдар еліміздің болашағына деген сенімді арттырып, әрбір азаматқа сапалы медициналық қызмет қолжетімді болатынына үміт береді.
Рысгүл ЛЕКЕРОВА,
Мақат аудандық ауруханасының директоры,
Мақат аудандық мәслихатының депутаты



