Қатерлі ісікті қайтаруға бола ма?

img 20210204 wa0143 Медицина

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай Атырау облыстық онкология диспансері қоғамның қатерлі ісік туралы түсінігін кеңейту мақсатында арнаулы іс-шараны жүзеге асырды.

Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова да қатысып, скринингтік тексерістен өтті. Іс-шараның басты мақсаты – халықты қатерлі ісікпен күресуге, кеселді ерте анықтауға, тексерілуге үндеу. Облыстық онкология диспансері директорының міндетін атқарушы Эльмира Сапарованың айтуынша, скринингтік тексерістен өту электронды және тікелей қабылдау арқылы 2007 жылдан бері тегін өткізіліп келеді. Ақпан айында өтіп жатқан апталық барысында емхана басшысы тұрғындарды ісік ауруларының алдын алуға, тегін медициналық тексерістен өтуге шақырды. Сонымен қатар, онкологиялық диспансерге арнайы барып, денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар мәселелерді тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова: 

  • Облыстық онкология диспансерінде өтіп жатқан апталықтың маңызы зор. Атырау өңірінде ісік ауруларымен ресми есепте тұрған адамдар саны 4 мыңнан астам.  Ал, бала саны өкінішке қарай, 100-ге жуық. Бұл – адам жанын шошытарлық сан. Себебі, әрбір адамның артында бүтін бір отбасы, бүтін бір тағдыр бар. Осы аурумен күрес үшін жергілікті әкімдіктен қолдан келгенше қамқорлық көрсетіліп жатыр. Облыс бойынша жылдар бойы өзекті болып келген ғимарат мәселесін облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының тікелей бастамасымен шешудің тетіктерін қарастырып жатырмыз. Биылғы жыл үш бағытта: мемлекеттік жекеменшік, мемлекеттік немесе әлеуметтік серіктестік бағытында ғимаратты салып, құрылысын жүзеге асыру үшін қазір нақты шаралар, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Одан соң бүгін маған да скринингтен өту бұйырып отыр. Апталық, айлық негізде әр адам өзінің денінің саулығы үшін тегін скринингтік тексерістен өте алады. Бүгінгі таңда Атырау өңірінде емхана қызметкерлері әрбір үйге барып, әр адамға скринингтен өткізетін тестті беруі керек,-дейді.

Оған қоса, аталмыш іс-шараның аясында емханаға қатерлі ісікті жеңген адам мен одан көз жұмған адамның туыстары да келіп, дәрігерлерге бұған дейін көрсеткен көмектері үшін алғыстарын жаудырды. Бүгінде елімізде ең көп тараған қатерлі ісік аурулары: сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойыны обыры және колоректалды обыр екені анықталып отыр. Сол себепті, аурудың алдын алу үшін мамандар жұртшылыққа ертерек медициналық тексерістен өтіп, кеселді бірге жеңуге шақырып отыр.

Алпамыс БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз