
Өмір сыйлаудың жолы бар
Қазір Атырау облысында 166 адам ағза трансплантациясына зәру. Бұл – жай ғана статистика емес, әрқайсысы өмір мен өлімнің арасында жарқын болашақтан үміт күтіп отырған адамның тағдыры. Жыл басынан бері өңірде небары 8 адам донор ретінде тіркеліп, олардың әрбірі 4-5 адамға дейін көмек көрсеткен. Алайда бұл көрсеткіш жеткіліксіз. Кезек күткен 166 азамат мұқтаждықтың қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.
Жуырда өткен транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық ұйымдастырған оқу семинарында осы өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Мамандардың айтуынша, бүгінде Қазақстан ағза ауыстыру саласында алдыңғы қатарлы елдерден қалыс емес. Жүрек, бүйрек, бауыр, ұйқы безі мен сүйек кемігін трансплантациялау сәтті жүзеге асып келеді. Ең бастысы, мұндай оталар елде мемлекет есебінен квота арқылы тегін жасалады. Ал шет елдерде мұндай операциялар миллиондаған қаражатты талап етеді.
Республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, бұл салада басты мәселе – халықтың өзара қолдауы мен түсіністігінің төмендігі.
– Біз өзімізге өзіміз көмектесуіміз керек. Сырттан ешкім келіп, мәйіттік донор қажет деп отандастарымызға көмек бермейді. Бүгінде көптеген адамдар Түркия, Беларусь сияқты елдерге барып ота жасатып жатыр. Мұның бәрі ақылы түрде. Оны өз елімізде де жасауға болады, — дейді Назгүл Зашитқызы.
Аймақта донорлық жұмыстарды үйлестіріп отырған дәрігер Дәурен Елеуов облыстық аурухананың ресми түрде донорлық ұйым ретінде тіркелгенін атап көрсетті. Егер миы қайтыс болған науқастың туыстары келісім берсе, бір адамның ағзасы бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Мамандардың есебінше, бір донордың ағзасы 6-7 адамға дейін жаңа өмір сыйлай алады. Дегенмен, бүгінде жылына тек 4-5 ота ғана жасалып отыр. Биылдың өзінде Атырау облысында 8 ота сәтті өткен.
Бұл үлкен жетістік сияқты көрінгенімен, республика бойынша жағдай әлі де мәз емес. Бүгінде 4384 отандасымыз ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның ішінде 121-і – бала. Былтыр елде небәрі 23 трансплантация, биыл мәйіттік донор арқылы 38 ота ғана жасалған. Бұл көрсеткіштер елдегі 9 трансплантациялық орталықтың, 40-тан астам донорлық стационардың, медициналық авиация мен зертханалық орталықтардың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.
Семинар аясында отандық жетекші мамандар заманауи әдістерді, халықаралық тәжірибелерді ортаға салып, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын талқылады. Дәрігерлер мен қоғам белсенділері ел ішінде мәйіттік донор болуға деген көзқарасты өзгерту қажет екенін айтып отыр. Өйткені ағза донорлығы – бір адамның өмірін жалғап қана қоймай, тұтас отбасыға үміт сыйлайтын гуманизмнің ең жарқын көрінісі.
Еркеназ ҚАЛИЖАН


