Жарнама
Медицина

Медицинадағы әріптестік саланың дамуына септеседі

Атырауда Халықаралық оториноларингологтардың Каспий форумы ұйымдастырылды. Форум аясында V Еуразиялық Ассамблеясы және Қазақстан Республикасы лор дәрігерлерінің ІІ съезі өтті. Жиында Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Польша, Украина, Грузия мемлекеттерінің дәрігерлері бас қосты.

Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халық денсаулығын сақтауда шетелдік мамандармен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.

????????????????????????????????????

– Елбасы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлуде. Тәуелсіздік алған жылдан бері «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы  жүйелі жүргізілуде. Жаңа заманауи клиникалар салынып, білікті кадрларды даярлауға да баса көңіл бөлінеді. Бұл осы саладағы көптеген проблемалық мәселелерді шешуге және сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Шетелдік мамандармен байланыс нығайды. Бүгінгідей басқосулар медицинаның одан әрі алға басуына серпін береді, — деді Нұрлан Ноғаев.

Қазақстанның оториноларингологтар ассоциациясының президенті Райс Төлебаев еліміздің аталған салада қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, қазақстандық дәрігерлердің Еуропаның және Ресейдің үздік клиникаларында білім алып жатқанын айтты. Ал, Ресейдің Оториноларингология ғылыми-клиникалық орталығының директоры, профессор Николай Дайхес оториноларингологтар Еуразиялық Ассамблеясының құрылу  тарихына тоқталды.

– Біз сегіз жыл бұрын Мәскеуде осы ассамблеяны құрдық. Оның президенті Райс Төлебаевты бірауыздан сайладық. Өзіміздің кәсіби мәселелерімізді ғана емес, жалпыға ортақ қызметтердің ауқымды мәселелерін талқылау міндетін алға қойдық. Бұл – заманауи технологиялардың жетістіктерімен бөлісу. Қоғамдық, азаматтық деңгейде тәжірибе алмасудың маңызы зор. Бүгінгі шара тек ғылыми-практикалық конференция емес, азаматтық қоғамның диалогы болып саналады, — деді Николай Дайхес.

Екі күнге жоспарланған форумда заманауи хирургия бойынша облыстық аурухана базасында шеберлік сыныбы өтті. Аурухананың бас оториноларинголог-дәрігері Нұржан Жайлыбайдың айтуынша, мәскеулік үздік хирург Хасан Дияп есту қабілеті бұзылған атыраулық төрт тұрғынға күрделі отаны сәтті жасады. Ауруханадағы науқастармен кездесіп, дәрігерлік кеңес берді.

— Жуырда мұрын және оның қуыстарына ота жасауға арналған эндоскопиялық құрылғы алынды. Қыркүйек айының соңында «лор-комбайн» деп аталатын аппарат келеді. Бұл бірнеше қызметті атқарады. «Лор-комбайн» арқылы жүкті әйелдердердің денсаулығына нұқсан келтірмей, мұрнын тексеруге болады. Өткен жылы құлақ-мұрын ауруларына 550 ота жасалды. Жыл басынан бері шетелдіктердің қатысуымен төрт шеберлік сағаты өтті. Бұған дейін Германиядан келген білікті дәрігер 16 отаға қатысты, — деді Нұржан Сәрсенұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button