
Халықтың саулығы бәрінен маңызды
Менің пікірімше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған шаралар уақыт талабына да, қоғамның нақты қажетіне де толық жауап береді. Өйткені біз, медициналық қызметкерлер, күн сайын науқастардың жанынан табылып, жүйедегі жетістіктер мен кемшіліктерді өз көзімізбен көріп отырмыз. Сол себепті Жолдауда аталған бастамалардың әрқайсысы – біздің кәсіби ортаға да, халықтың денсаулығына да тікелей әсер ететін маңызды шешімдер.
Әсіресе ауыл медицинасына қатысты жаңалықтар қуантты. Ауылдық амбулаториялар мен фельдшерлік пункттердің жаңартылуы, заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі, кадр тапшылығын азайтуға бағытталған қадамдар шалғай өңірлерге үлкен серпін береді. Бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған өзгерістер де орынды деп ойлаймын. Қаржының ашық жұмсалуы, қызмет сапасының автоматтандырылған бағалануы, цифрлық технологиялардың енгізілуі – бүгінгі медицинаның бәсекеге қабілетті болуына қажетті факторлар. Бұл шаралар дәрігердің жүгін жеңілдетіп, пациентке бөлінетін уақытты арттыратыны сөзсіз.
Дәрігердің еңбегі қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін соңғы жылдары халық та, мемлекет те тереңірек түсіне бастады. Жалақының өсуі, әлеуметтік қолдау тетіктерінің кеңеюі, жас мамандарға беріліп жатқан мүмкіндіктер – медицинадағы кадрлардың тұрақтауына оң әсер етуде. Бұл – дәрігер мамандығының мәртебесін көтерудегі маңызды қадам.
Медицина – жауапкершілігі орасан, жан-жүректі талап ететін сала. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды біз зор сеніммен қабылдаймыз. Ал сол сенімге лайық болып, халықтың денсаулығын қорғау – біздің кәсіби әрі адами парызымыз.
Лиза ШАЙХЫМЕДЕНОВА,
медицина саласының ардагері.
Құрманғазы ауданы
Сурет: Ашық дереккөз



