Ең басты құндылық – адам өмірі
Менің ойымша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты міндеттер уақыт талабы мен қоғамның шынайы қажеттілігіне толық сай келеді. Себебі біз, дәрігерлер, күн сайын халықтың саулығы үшін еңбек ете отырып, медициналық жүйенің артықшылықтары мен түйткілдерін жақыннан сеземіз. Сондықтан Жолдауда көтерілген бастамалардың әрқайсысы – біздің кәсіби өмірімізге тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңарту бастамасы көптен күткен жаңалық болды. Қазір ауылдағы әрбір фельдшерлік-акушерлік пункттің заманауи жабдықтармен қамтылуы, дәрігерлердің санын арттыру, тұрғындардың медициналық көмекке жедел қол жеткізуі нақты өмірде үлкен өзгеріс әкеледі. Бұл ауыл мен қала арасындағы медициналық теңсіздікті азайтып, елдің түкпір-түкпірінде сапалы қызмет көрсетуге жол ашады.
Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру және қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Медициналық қызметтің сапасын бағалауда жасанды интеллект пен автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу – қазіргі заман талабына сай тиімді шешім. Мұндай жүйе артық есеп пен қағазбастылықты азайтып, дәрігерлердің уақытын пациентке арнауға мүмкіндік береді.
Біздің мамандығымыздағы ең басты құндылық – адам өмірі. Сол себепті дәрігердің мәртебесін арттыру, еңбегін лайықты бағалау – бүкіл қоғамның мәдени деңгейін көрсетеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұл бағытта нақты қолдау бар: жалақы өсіп, еңбек жағдайы жақсаруда, жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Мұның бәрі дәрігерлерге жігер беріп, өз ісіне деген жауапкершілікті арттыра түседі.
Медицина – тек кәсіп емес, ол – жүрекпен атқарылатын қызмет. Сондықтан Президенттің денсаулық сақтау саласына деген қамқорлығы мен жүйелі көзқарасы бізге сенім ұялатады. Ал сол сенімді ақтау – біздің парызымыз.
Аяжан ҒАЛИЖАНОВА,
жалпы тәжірибелі дәрігер.
Атырау қаласы



