Емхана таңдау – өз қолыңызда

2018 09 19 130313807000 Медицина

Егер ем алып жүрген емханаңыздың қызмет көрсету сапасы көңіліңізден шықпаса  немесе тұрғылықты мекен-жайыңыз, жұмыс орныңыз өзгерсе, сіздің басқа емханаға тіркелуге толық мүмкіндігіңіз бар. Яғни, еліміздің әр азаматы жылына бір рет өзіне қолайлы емханаға тіркелуге құқылы. Әркімге маңызды осы тіркелу науқанының басталғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

2018_09_19_130313807000

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, емханаларға халықты тіркеу жұмысы 15 қыркүйекте басталды. Азаматтарды тіркеу 15 қарашаға дейін созылады. Осы аралықта түрлі себептерге байланысты емхананы өзгерткісі келетін әрбір азамат жылына бір рет берілетін мүмкіндікті пайдалануы керек. Ол үшін тіркеу орнына жеке бас куәлігін (төлқұжат) апарып, емхананың бас дәрігері атына өтініш қалдырады. Тіркелген жағдайда бұрынғы емханадағы есептен автоматты түрде шығарылады. Яғни, екі ортадағы құжат тасу машақаты орын алмайды.

–Қазіргі таңда облыста 624 607  тұрғын жергілікті емханаларда тіркеуде тұрса, оның  579-ы өзге облыстан келген азаматтар екен, ал, ішкі тіркеу 1725 адамды құрап отыр, – деді  Мәншүк Құдайбергенқызы, – Жаңа талаптарға сай бір тәжірибелі дәрігерге түсетін жүктеме 1700 адамнан (ересектер мен балаларды қосқанда) аспауы тиіс. Осыған дейін облысымызда әрбір дәрігер  2560 адамға қызмет көрсетіп келді. Былтырдан бері осы олқылықтарды жою мақсатында бірнеше дәрігерлік учаске ашылып, әр дәрігерге жүктеме 2200 адамға дейін төмендетілді. Биыл тағы да осындай 35 учаске ашу жоспарланып отыр. Сол арқылы бір дәрігерге жүктеме 1850 адам болады деп топшылап отырмыз.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов кез келген азаматқа емхананы өзгертудің үш түрлі жолы бар екенін атап айтты. Оның біріншісі – тікелей таңдаған емханаға бару, екіншісі – Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркелу. Үшінші мүмкіндік мекемелердің сайтына кіру арқылы жүзеге асады.

– Былтыр елімізде 300 мыңнан астам адам тіркелу құқықтарын пайдаланып, өздеріне қолайлы емханаларға тіркелген, – деді Байтолла Закарьяұлы.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының www.fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына республикада бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысуда. Ал, Атырау өңірі бойынша – 19, оның ішінде үшеуі  – жекеменшік емхана.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз