ЕЛЖІРЕГЕН ЖАСТЫ ЕСІРТКІ БҰЗАДЫ

сондықтан, оған қарсы батыл күрес керек
Нашақорлықпен күрес әлемді толғандырған өзекті мәселеге айналды. Қауіпті бұл індетпен күрес жұмыстары еш уақытта тоқтамауы тиіс. Осы орайда құзырлы органдар тарапынан біздің облыста нақты қандай жұмыс атқарылуда? Алда қандай міндеттер тұр? Сараптап көрелік...

Облыстық наркологиялық диспансері бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Гүлнәр Қанаеваның мәліметіне сүйенсек, күні бүгін облыстық наркологиялық диспансерде есепте тұрған 864 нашақор бар. 125 орынға арналған диспансерлік орталықта бүгін екі нашақор, 103 маскүнем ем алуда. Жас шамаларының басым бөлігі 25-45 жас аралығын құрайды.
Ал, заңсыз есірткі сату мәселесі бүгінгі күннің күйіп тұрған проблемасы екені даусыз. Облыстық ішкі істер департаменті, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Абай Закариевтің айтуынша, ағымдағы жылдың төрт айында тіркелген 31 есірткі қылмысының 30-ы сату бойынша ұсталған. Заңсыз айналымнан 5 кг-нан аса есірткі заттары тәркіленіп, оның ішінде 0,19 грамм героин, 5 кг 224 грамм марихуана тіркелген. Көбінесе, қылмыскерлер нашамен ұсталса керек. Тәркіленген есірткі түрлері Атырау қалалық ІІБ-ның сақтау қоймасына өткізіледі. Қозғалған қылмыс сотқа жолданып, сот шешіміне байланысты арнайы комиссия мүшелерінің қатысуымен өртеу арқылы жойылады. Есірткі негізінен бізге Өзбекстаннан, сондай-ақ, көрші облыстардан да тасымалданады. «Есірткі тауарлары Ақтөбе, Орал қалалары арқылы Ресейден келеді. Әсіресе, есірткі сатушылар Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан нашаны көп көлемде әкеліп, аз-аздан таратады екен. Оның жолын кесу үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Ал, әуе, темір жолдарын кез келген уақытта тексеруге құқымыз жоқ. Ол іспен Атырау желілік ішкі істер бөлімінің есірткіге қарсы күрес тобы айналысады. Бірақ, біздің аумаққа кіретін барлық қатынас жолдарын тексеретін «Рубеж» операциясына қатысамыз» деген А.Закариев есірткі саудасына қарсы күресте арнайы мобильді топтың рейдтік жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын айтады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың төрт айында есірткі тасымалы және сатумен айналысып жүрген қылмыстық топ құрықталған. Оларға қатысты үш қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, есірткі саудасымен күресте «Шеп-2014» жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, оның бірінші кезеңінде сату фактісі бойынша Атырау қаласында үш қылмыс анықталған. Жеті әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 507 грамм марихуана тәркіленген. Құзырлы органдардың жұмыс тәртібі бойынша мұның екінші кезеңі қараша айында өткізілмекші.
Ал, «есірткі саудасының алдын алуда халық көп жиналатын мейрамханалар мен түнгі клубтар қаншалықты бақылауда?» десек, бұл жағдайда «Допинг» шарасы қолға алыныпты. «Онда барлық емдеу мекемелері мен ірі мұнай компанияларында науқастарға қолданылатын құрамында есірткі мөлшері бар дәрі-дәрмектердің сақталу тәртібі тексеріледі. Ара-тұра әкімшілік құқық бұзушылық болмаса, әзірге аталған дәрі-дәрмектерді ретсіз немесе заңсыз пайдалану оқиғалары анықталған жоқ. Ал, кәсіпкерлік нысандарды бас салып тексеруге құқымыз жоқ» деген Абай Базарғалиұлы бұған қоса алдағы маусым айынан бастап «Кендір-201» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілетінін айтады. Айта берсек, заңсыз есірткі саудасына қарсы күресте жасалып жатқан жұмыстардың аз еместігі байқалады. Бұл күрмеуі көп күрделі істі құзырлы органдармен бірге қоғам болып күресуге тиіспіз. Келешек ұрпақтың болашағын ойласақ, оған жол бермеуіміз керек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз