
Елді тұмау кезіп жүр
Күз түсіп, күн суыта бастағанда тыныс жолы ауруларының көбейетіні қалыпты құбылыс. Әсіресе, тұмау – жыл сайын қайталанып отыратын, қауіпті инфекциялық дерттің бірі. Шыны керек, біз COVID-19 пандемиясын көргелі бері өзге жұқпалы аурулардан аса қауіптенбейтін болдық. Талай жайсаңды ажал құштырған 2020-2022 жылдардағы пандемияның салқыны әлі де сейілді деуге ерте. Десе де, бұл вирустың ауырлығын сезінген тұрғындар тұмау, туберкулез, басқа да жұқпалы аурулардан аса сақтанып жүрген жоқ. Соңғы уақытта тұрғындар арасында тұмаумен аурушаңдық жалпы, жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері бар науқастардың жиілегені байқалады. Науқастанған тұрғындардың көпшілгі үй жағдайында ем алып жүр. Тіпті, ел арасында отбасы мүшелері түгелімен тұмауға шалдығып, төсек тартып жатқандар да жоқ емес. Бұл қаншалықты рас? Сонда тұмаудан қалай сақтанамыз? Ол адам денсаулығына нендей зиянын тигізеді?
Науқастар саны күрт артты
Тұмаудың аса қауіптілігі – оның тез таралуында. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, ақ халаттылар кейде бір адамнан басталған тұмау аз уақыт ішінде күллі қалаға немесе елге, қала берді дүние жүзі елдерінің бәріне жайылып кетуі ықтимал екенін айтады. Мұндай жағдай «тұмаудың пандемиясы» деп аталады. Оған 1918 жылы жер жүзіне тарап, 20 миллион адам қаза тапқан тұмау пандемиясы дәлел.
Сондықтан халықты сақтандырмасқа болмайды. Елде жыл сайын тұмау вирусының айналымы қазан, қараша айларынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылатыны белгілі. Ал қазір облыста әсіресе, қыркүйек айында тұмау және ЖРВИ жұқтырғандар көбейген.
Редакцияға хабарласқан атыраулық Лима Мәженова отбасы мен ағайын-туысының көпшілігі тұмаумен ауырып жатқанын айтып, вирустың күшейіп тұрғанына алаңдаушылық білдірді.
– Әуелі өзімнің қол-аяғым сырқырап ауырып, дене қызуым көтерілді. Шыдап баққаныммен кейін асқына келе екі бүйрегіме әсер етті. Одан соң ұлым мен кішкене қызымның тамағы қызарып, қызуы көтеріле бастады. Үш-төрт күнде ұлым жазыла бастап еді, жолдасым да жатып қалды. Айтайын дегенім, тұмауды жеңіл дерт санап, елемеуге тырысқанымызбен тұра алмай, төсек тартып қалдық. Ақыры, екпе алуымызға тура келді, — деді ол.
Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Руслан Қайыржанов ЖРВИ-мен медициналық көмекке жүгінген науқас санының ішінара жоғарылауы байқалып тұрғанын жоққа шығарған жоқ. Себебі соңғы уақытта ЖРВИ-мен ауруханаға жатқан науқастар көбейе түскен.
– Қазір күніне орта есеппен 20-22 адам ЖРВИ-мен сырқаттанып аурухана жатады. Бүгінде аурухана бойынша ЖРВИ-ге арналған бөлімшеде 91 науқас стационарлық ем қабылдауда. Олардың 14-і жүкті әйелдер, 11-і – ересектер, қалған 66-сы балалар, — деді дәрігер.
Тұмау әсіресе созылмалы дерті бар адамдар мен жүкті әйелдер үшін аса қауіпті екен. Ал, болашақ аналардың бәрінің бірдей тегін берілетін вакцинаны алуға құлқы жоқ көрінеді.
Жыл сайын республика Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай басқарма тұмау маусымына байланысты мобильді топтардың жұмысын жандандырып, сүзгі (фильтр) бөлмелердің жұмысын күшейткен. Балалар мен жүкті әйелдерді үйден қарау (актив, патронаж), микроаймақтар бойынша үй аралап, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде науқастың жағдайын бағалау секілді медициналық қызметтер де ұйымдастырылады. Балаларға тұмау кезінде уақытымен сапалы көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар топтары құрылып, басқарма қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері емханаларға мониторинг жүргізеді. Облыстық жедел жәрдем станциясы мен инфекциялық аурухананың қабылдау бөлімінің жүктемелерін де тексеріп, үздіксіз бақылауға алып отыр.
Тым жедел вирус
Қандай жұқпалы дерт болмасын, оны алдын алуда вакцинаның маңызы жоғары. Өз денсаулығыңызға сенімді жүру үшін екпе алған әлдеқайда тиімді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да тұмаумен күресудің экономикалық және әлеуметтік нәтижелі алдын алу шарасы вакцинация екенін айтады.
Ал, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ербатырованың түсіндіруінше, ЖРВИ, оның ішінде тұмаудың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Қазір облыс тұрғындарына тұмауға қарсы екпе салу басталған. Жаңа эпидемиялық маусымының құрамында тұмаудың A/H3N2/, A/H1N1/ және B-штамдарының антигендері бар.
– Сатып алынған вакцинамен халықтың осал тобы және науқаспен тікелей жұмыс жасайтын медицина мамандары ақысыз егіліп жүр. Медициналық мекемелерде диспансерлік есепте тұрған балалар мен балалар және сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер де тұмауға қарсы егіледі. Қазірге дейін облыс бойынша 6350 мыңға жуық адам тұмауға қарсы екпе алып отыр, оның 5448-і ересек адам болса, 899-ы бала, — деді ол.
Былтыр да, биыл да екпеден кейін қолайсыз реакциялар облыста тіркелмепті. Ал, ЖРВИ-дың адам саулығына ғана емес, елдің экономикасына да зардабын тигізетіні даусыз. Сол себепті ауырып ем іздегенше, ауырмаудың ең тиімді жолы – екпе алып сақтану.
– Тұмаудың қоздырғышы – вирус және ол тұрақсыз келеді. Әрбір екі-үш жыл сайын өз қасиетін өзгертіп отырады. Әр 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрі пайда болып, олар алдыңғы түрлерінен өзгереді. Негізі, тұмау адамға ұсақ түкіріктер немесе сілекейден жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Тұмаудың алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, кейін әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, бұлшық еттерінің ауру белгілері пайда болады, — деп эпидемиолог маман вирустың ағзада созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыратынын қаперге берді.
Екпе алу – ең тиімді жол
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл да облысқа тиесілі 60 000 доза гриппол вакцинасы жеткізілуде. Тұмаудан бөлек, осы маусымда вакцинамен реттелетін қызылша, көкжөтел сынды жұқпалы аурулардың көтерілетіні де белгілі. Сондықтан, ата-аналар әсіресе бала денсаулығына атүсті қарамай, екпе салдырғаны абзал.
– Қызылша – жылдам тарайтын вирустық инфекция. Ол дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, көз қабығының қызаруы тәрізді катаралды белгілерімен ауа тамшылары арқылы тез таралады. Бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған немесе осы аурумен ауырмаған адам дертті жұқтырған адаммен байланыста болған болса оны бірден жұқтырып алады. Қызылшаның катаралды кезеңі бес күнге созылады. Осы кезде көпшілік оны ЖРВИ-мен шатастырады. Себебі екеуінің клиникалық белгілері ұқсас. Бұл кезеңнің соңғы күндері тамақ қызарып, ұртта ақ дақтар пайда болады. Одан соң науқас екінші бөртпе кезеңіне өткенде баланың бет-аузы ісіп, көзі қызарып, дене қызуы қатты көтеріледі. Бөртпе науқастың әуелі құлағының арты мен бетінде пайда болып, біртіндеп тұтаса бастайды. Сосын дене мен арқаға, кеудеге, кейін аяқ пен қолға түседі. Бөртпенің кезең-кезеңімен пайда болуы – оның басты ерекшелігі. Баса назар аударарлық жайт, қызылша белгілерін байқаған адам бірден дәрігерді үйге шақыртып, оқшаулануы қажет, — деді медицина саласының ардагері Надя Ерғалиева.
Дәрігерлер көкжөтелден де сақтануға кеңес беріп отыр. Оның басты белгісі ұстамалы, қайталама жөтел екен. Вакцинамен реттелетін аурулармен ауырмас үшін екпені уақытында алу керек. Көкжөтелге қарсы екпені сәбидің екі-төрт айлығы аралығында алған жөн.
Сөз түйіні:
Емханадағы медбике тұмау немесе қызылшаға қарсы екпе салдыруға үгіттегенмен ешкімді оған мәжбүрлей алмайды. Дейтұрғанмен, саулықтың ролі әркімнің өзі үшін маңызды. Облыста тұмауға қарсы екпе алуға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін алдын ала дайындықтың да қажеті жоқ. Тек тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша тіркелген емханаға барсаңыз болғаны.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллаж: Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА



