Жарнама
Медицина

Денсаулық – дамудың діңгегі

Адам өміріндегі ең үлкен байлық – денсаулық. Елдің де, жеке адамның да бақыты мен болашағы ең алдымен халықтың саулығына тікелей байланысты. Денсаулығы мықты ұлт – мызғымас мемлекеттің кепілі. Сондықтан медицина саласын дамыту – ел дамуының өзегі, мемлекет тұрақтылығының тірегі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударылуы – біз, медицина ардагерлері үшін зор қуаныш әрі үлкен сенім. Мемлекет басшысының бастамалары дәрігер мамандығының мәртебесін көтеріп, саланың жаңа сапалық кезеңге өтуіне жол ашады.

Әсіресе ауылдық елді мекендерде заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың ашылуы, ескі нысандарды қайта жаңарту – халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейтетін маңызды қадам. Бұл тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, ауыл дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсартып, кадр тапшылығын азайтуға да ықпал етеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, фармацевтика саласын дамыту – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Пандемия кезеңі дәрі-дәрмекті өзімізде өндірудің қажеттілігін айқын көрсетті. Сондықтан отандық кәсіпорындарды қолдау мен заманауи технологияларды енгізу – стратегиялық тұрғыдан өте орынды шешім.

Сондай-ақ медициналық тәжірибеге жасанды интеллект пен цифрлық жүйелерді енгізу – уақыт талабы. Бұл жаңашылдық дәрігердің жүктемесін жеңілдетіп, диагноз қою мен емдеу сапасын арттырады.

Медицина қызметкерлерінің еңбекақысын әділ төлеу, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту – денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың басты тетігі. Президенттің осы мәселелерге басымдық беруі – мемлекет тарапынан дәрігерлер еңбегіне деген зор құрмет пен сенімнің айғағы.

Жолдауда көрсетілген міндеттер жүзеге асқанда, еліміздің медицинасы жаңа сапалық деңгейге көтерілері сөзсіз. Біз, ақ халатты абзал жандар мен сала ардагерлері, осы игі мақсат жолында табанды еңбек етіп, халықтың денсаулығын қорғауға өз үлесімізді қосамыз.

Інжу ИБРАЕВА,

медицина саласының ардагері

Құрманғазы ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button