ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА – АЙРЫҚША НАЗАР

Елімізде денсаулық сақтау саласын ұлттық басымдықтардың қатарына қойып, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Алайда, салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы коммуникациялар қызметінде аталған сала бойынша облыста атқарылып жатқан және алға жоспарланған жұмыстар кеңінен сөз болған брифинг өтті. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, соңғы бес жылда облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының көлемі 1,6 есе артты.

– Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу, тиімді емдеу технологияларының түрлерін енгізу үнемі жүргізілуде, – деді басқармаға жаңадан тағайындалған басшы Аманбек Қабдешұлы. – Соңғы 3 жылда облыс аумағында 23 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылы облыстық балалар ауруханасы толық қайта жарақтандырылудан өтіп, жаңа хирургиялық корпус салынды. Республика бойынша алғашқы типтік жобаға жататын ЖИТС орталығы, жергілікті бюджет есебінен Махамбет ауданынан ауысымына 25 келушіге арналған 1 амбулатория салынды. Биылғы жылы Индер ауданында ауысымына 100 келушіге арналған емханасының құрылысы аяқталды. Геолог поселкесінде салынып жатырған 100 келушіге арналған емхананың құрылысы да бітуге жақын.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары көптеген мемлекеттік емдеу мекемелері бюджет және демеушілік көмек арқылы қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықталуда, бірқатар емдеу мекемелері соңғы үлгідегі томографтармен, ультра дыбысты зерттеу, аритмологиялық ауруларды жоғары деңгейде анықтауға мүмкіндік ЭФИ лаборатория және басқа да жабдықтармен қамтылды. Сонымен қатар, екі стационарлық рентгенодиагностикалық кешен, бес қалалық емханаға лор комбаиндары сатып алынды.

– «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халықтың өмір сүру ұзақтығын 2015 жылға дейін 70 жасқа ұлғайту белгіленсе, өткен жылдың қорытындысымен облыс көрсеткіші 71,8 жасты құрады. Соңғы бес жылда сәби өлімі көрсеткіші 1,8 есе төмендеді. Ал, жалпы өлім көрсеткіші 19%-ға азайды. Туберкулез ауруымен аурушаңдық көрсеткішінде де нәтиже жақсарды, ол 27%-ға төмендеді.

Сондай-ақ, брифинг барысында өңірдің денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі – дәрігер кадрлардың жетіспеушілігі де кеңінен сөз болды. Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына қазіргі уақытта 144 дәрігерге қажеттілік бар. Айта кетсек, жалпы тәжірибе дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, фтизиатрларға сұраныс жоғары.

«Саламатты Қазақстан»  бағдарламасының басты принципі — медициналық көмек сапасын жақсарту және қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта облыстық аурухана жанынан ашылған хирургиялық орталық халыққа медициналық көмек көрсетуді біраз жақсартты. Енді науқастар ауруханаға тәулік бойы жатпай, күндіз орталыққа келіп, хирургиялық көмек ала алады. Шетелдік әріптестермен де тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасудамыз. Бұрын науқастар шетелдерге барып, ота жасатса, қазір кейбірін өзімізде жасауды қолға алып келеміз, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров.

Ал, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрғабыл Айтмұхамбетов өзі басқаратын қырық жылдық тарихы бар емдеу орны да заман көшінен қалыспай, заманауи технологиялармен қамтылып отырғанын, соның нәтижесінде, медициналық қызмет көрсету сапасы біраз жақсарғандығын, бала өлімінің азаюына септігі тигенін айтты.

Баспасөз конференциясына қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тұрғындарды мазалаған бірқатар сұрақтарды қойып, сала басшыларынан тұшымды жауап ала білді.

Журналистерді толғандырған тағы бір мәселе есепте тұрған науқастарды тегін медициналық дәрілік заттармен қамтамасыз ету жәйі болды.

– Тегін дәрілермен қамтамасыз ету төңірегіндегі проблемалар негізінен жыл ішінде жаңадан науқастар анықталғанда және егіз немесе үшем босанатын аналардың балаларын сүт қоспаларымен қамтамасыз етуде туындауда. Себебі, әр жылға бөлінген дәрілер қатаң әрбір науқасқа тізім бойынша алынады, – деп жауап қайтарды Аманбек Қабдешұлы.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық басқарма басшысы 1-қазаннан бастап  қызылшаға қарсы қосымша екпе жұмыстары қайтадан жалғасып жатқанын хабарлады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз