Дәрі-дәрмек неге тапшы?

pic3 Жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болды. Онда депутаттар «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы» облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиеваның есебін тыңдады.

pic3

Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, өткен жылы бюджет есебінен халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға бөлінген қаражат игерілген. Биыл осы мақсатқа 3,7 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Күні бүгін 2,8 млрд. теңгесі игерілді. Алайда, медицина саласы бойынша халықтан түсетін арыз-шағымның 70 пайызы осы дәрілік заттармен қамтуға қатысты болып отыр.

Мәселені талқылауға қатысқан тұрақты комиссия мүшелері де, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов та осы салада орын алып отырған кемшіліктерді сынға алды. Әсіресе, дәріханаларда, емдеу мекемелерінде науқастарға тегін берілетін дәрілер әркез табыла бермейді. Оларды сақтайтын санитарлық талаптарға сай келетін ғимараттар жоқ. Провизор мамандары жетіспейді. Адамдардың қажетті дәрі-дәрмекті жекеменшік дәріханалардан немесе өзге қалалар мен жақын шетелдерден екі-үш есе қымбатқа сатып алуына тура келетін жайттар жиі кездеседі. Пікір білдірушілер қазір еліміз бойынша денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан оңтайландыру саясаты ызғарының қарапайым халыққа тимеуін де ойластыру қажеттігін айтты.

Тұрақты комиссия отырысында «Атырау облысында мәдениет саласының дамуы туралы» облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабырдың есебі тыңдалды. Депутаттар ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыру, өңірдегі киелі жерлерге адамдардың қызығушылығын арттыру, ішкі туризмді дамыту, саясатшыларға әлеуметтік жағдай туғызып, сервистік қызметті қолға алу қажет екендігін айтты. Облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған құнды көне жәдігерлердің қолды болып кетпеуін қадағалау, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне дайындық мәселелері жөнінде де құнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз