
Бір тіс – бір миллион теңге
Бүгінде тіс емдету – қалың бұқара үшін қол жетпейтін қызмет түрлерінің бірі. Өйткені, бір ғана имплантқа бір миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Стоматологиялық клиникаларда бағаның бұлайша шарықтауы халықтың қалтасына салмақ түсіргені өз алдына, дер кезінде ем қабылдауға да кедергі келтіріп отыр. Нарықтағы қымбатшылықтың себебі неде? Шынында да бір тісті емдеудің құны сонша қымбат?
«Несие алдым…»
«Сау тіс – сұлулықтың ғана емес, денсаулықтың да кепілі. Мен мұны аузымдағы тістерім сирегенде бір-ақ түсіндім. Не дұрыс тамақтанудан, не емін-еркін сөйлеп, күлуден қалдым. Жас кезімде тісім ауыра қалса оны емдетіп, сақтап қалудың орнына бірден жұлдыртып тастайтынмын. Дәрігерлер де оның дұрыс еместігін айтып, түсіндірмейтін. Тұрмысқа шығып, дүниеге үш сәбиім келді. Сол сәтте де тісімнің сапасы нашарлай берді. Осылай бас-аяғы он жыл уақыт аралығында санаулы тіспен қалдым. Емдететін ақшасын қымбат көріп жүргенімде, жасанды тіс (имплант) салдырудың құны шарықтап тұрғанын білмеппін. Ақыры имплант, өзге тістеріме салынатын тіс қаптамалары (коронка) мен емдету жұмысын есептегенде 2 миллион теңгеден асты. Ең қиыны, мұны айлығым аз болғандықтан банктен несие алып жасаттым…»
Бұл – небәрі 200 000 теңге жалақы алатын мемлекеттік мекеме қызметкері Айнұр Құсайынқызының сөзі. Жалақы аз, артық жинағы жоқ. Зейнетақы қорындағы жинағы да мардымсыз ол «тіс салдырып, емдетемін» деп, енді бес жыл бойы ай сайын 45 000 теңгеден несие төлеуге мәжбүр. «Өйтпеске амалым қалмады» деп ағынан жарылған келіншек тіс емдетудің осыншалықты қымбат тұратынын айтып, мұңын шақты.
– Несін жасырайын, осылай несие алдым. Бұл – бағасын орташа есеппен шығарған жекеменшік тіс емхананың құны. Бағаны көре тұра, шешімді бірден қабылдаған жоқпын. Бір жылдай уақыт ойланып барып, басқа амалымның жоқтығынан бардым. Сапалы емдейтінін естіп, өзгелеріне де жолығып көрдім. Бұл-бұл ма, өзім қалаған тіс емханасы 4,5 миллион теңгеге шығатынын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Әр істі басыңа түскенде біледі екенсің. Ем-дом ұзаққа созылып, әуелі тіс шегелерін ғана орнатып, сосын әбден орнығып кеткенше екі жылға жуық уақыт кетті. Қазір қарапайым қызметкер ретінде бұл қарызды өтеудің өзі оңай тиіп жатқан жоқ, — деді ол.
Айнұрдың сөзінің жаны бар, бүгінде тіс емдетудің әлегімен жүргендер жетіп артылады. Тұрғындардың сөзінше, тіс емдетудің құны тым қымбат. Сондықтан Айнұр секілді жандарды қаржыға сауатты адамдар «қит етсе несие алады» деп кінәлай да алмас. Халықтың несиені ермек үшін емес, қиналғаннан алатынын осыдан-ақ көруге болар. Ендеше, бұдан басқа тіс емдетудің қандай тиімді жолы бар?
МӘМС: кім тегін ем алады?
Бұл қор әу баста «адамдардың емделу құнын өтейді» деп құрылған болатын. Бірақ тіс емдеудің құны қымбаттаған сайын МӘМС арқылы стоматологиялық қызметті қалай алуға болатыны жайлы сұрақ көбейе түсті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Сағынбек Ароновтың айтуынша, көмектің бұл түріне жүгінгісі келген адам әуелі Қордың сайтында жарияланған тізімнен МӘМС бойынша қызмет көрсететін клиниканы таңдауы қажет. Егер ондай қызмет болса, емханадан жолдама алу міндетті емес.
Сарапшының айтуынша, сақтандырылған азаматтардың бәріне бірдей жоспарлы стоматологиялық көмек қарастырылмаған. Мұндай қызмет тек жеңілдік берілген санаттарға ұсынылады. Олар – жүкті әйелдер, он сегіз жасқа дейінгі балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектігі бар жандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және зейнеткерлер. Бұл санаттағы азаматтар МӘМС аясында шұғыл түрде тіс жұлу, химиялық пломба салу сияқты қызметтерді тегін алады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар үшін жоспарлы стоматологиялық ем де толық қолжетімді.
– Бүгінде МӘМС жүйесінде 6,5 миллионнан астам бала сақтандырылған. Бұл – балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің ауқымды тізімге қолжетімді екенін білдіреді, — дейді Сағынбек Жеңісұлы.
Соңғы күндері ақпараттық кеңістікте «Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен бірнеше облыста кәмелетке толмағандарға брекет пен имплант қою пилоттық жоба ретінде іске қосылды» деген хабар тарап жүр. Алайда Қор бұл мәлімет жалған екен, қор сарапшысы ресми құжаттың қабылданбағанын айтты.
МӘМС аясында балаларға көрсетілетін стоматологиялық қызметтердің ауқымы кең. Оған күрделі тісжегі, пульпит пен периодонтитті емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцесті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау секілді медициналық көмектер кіреді. Фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия сияқты алдын алу шаралары да осы жүйе арқылы қарастырылған.
Сақтандыру жүйесінде ортодонтиялық көмек те көрсетіледі. Бұл қызмет туабіткен жақ-бет ақаулары бар немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан тіс-жақ аномалиясы бар балаларға арналған. Оқушының жағдайына қарай ортодонт кеңесі, пластинка арқылы түзету, бастапқы тексеру, тіс қалыбын алу және ортопантомография қызметтері ұсынылады. Туабіткен немесе жүре пайда болған жақ-бет аймағының деформациясы бар балаларға медициналық көмек стоматологтың көрсетіліміне сәйкес амбулаториялық жағдайда немесе жақ-бет хирургиясы бөлімшелерінде көрсетіледі. Атқарылатын барлық қызметтер МӘМС пакетінің негізінде көрсетіледі екен.
Медициналық сақтандыру қоры арқылы белгілі бір санаттағы адамдар ғана тіс емханаларына тегін қаралатын көрінеді. Қызметтің бұл түрі кез-келген адам үшін қолжетімсіз. Ал бүгінде тіс емдетудің ең тиімді жолы – зейнетақы жинағы арқылы емделу мүмкіндігі де жоқ.
Пломба – импортқа тәуелді
Тіс емдеу медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты саналады екен. Әсіресе, тістің ерте жастан бұзылуы қоғамдағы басты мәселенің біріне айналып барады. Ал мамандар «ең дұрысы бала кезден тіске дұрыс күтім жасау керек» деп дабыл қағып отыр. Атырау облыстық балалар стоматологиялық емханасының директоры, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматологы Нұргүл Намазғалиева тіс емдетуде қиындыққа тап болу себебін тіс күтіміне салғырт қараумен байланыстырды.
– Ауыз қуысы гигиенасына баланы жастай үйретуіміз керектігі айдан анық. Жалпы ауыз қуысы ауруларының алдын алуды анасының жүктілігі кезінде қолға алған жөн. Көпшілік тіс күтімі деп жатады, ауыз қуысының күтімі дегеніміз дұрыс болар. Оны жаңа туған сәби кезінен бастаған дұрыс. Ол үшін арнайы саусаққа киерлермен (напаличники), егер ол болмаса сұқ саусаққа дәкі байлап, сүртіп алғанның пайдасы зор, — деді Нұргүл Сатанқызы.
Дәрігердің айтуынша, облыстық балалар стоматологиялық емханасында жылына 70 мыңға жуық бала стоматологиялық қызмет түрлерін алады. Соның 80 пайыздан асқаны тісжегісінің асқынған түріне шалдықан.
Соңғы жылдары стоматологиялық қызметтердің құны айтарлықтай өсті. Мамандардың айтуынша, бағаның қымбаттауына бірнеше негізгі фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, стоматология саласында қолданылатын заманауи жабдықтар мен материалдардың басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Рентген аппараты, 3D-сканер, микроскоп, имплант және пломбалау материалдары – бәрі импортқа тәуелді. Валюта бағамының құбылуы қызмет бағасына тікелей ықпал етеді. Екіншіден, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға жұмсалатын шығын жоғары. Стоматологтар жыл сайын курстан өтіп, жаңа әдістерді меңгеруге міндетті. Бұл – көрсетілетін қызмет сапасының негізгі кепілі. Үшіншіден, стоматологиялық кабинеттер үшін стерильдік талаптары өз алдына мол шығынды қажет етеді. Бір рет қолданылатын құралдар, зарарсыздандыру жабдықтары, санитарлық нормаларды сақтау – клиниканың тұрақты шығындары. Сонымен қатар жалға алу, қызметкерлер жалақысы, лицензиялау және сервистік шығындар да жалпы бағаның қалыптасуына әсер етеді.
Сөз түйіні:
Тіс емдетуге миллиондар жұмсағысы келмесе, әр адам тіс күтіміне ертерек қамдануы керек. Себебі жиған-тергеніңді біреуге беруіңе немесе несие алуыңызға тура келеді. Ал тіс емдеу мен салудың қымбаттығын мамандар оған кететін материалдың құнымен байланыстырады. Сондай-ақ төзімділік пен дәлдікті, шеберлікті талап ететін жұмыстың қиындығы тағы бар.
Ағзаның саулығы тіспен байланысты екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Оның саулығының маңызы да осында. Оған күтім жасамасаңыз, денсаулығыңызға қауіп төнуі мүмкін. Шынында да, тісі саудың – дені сау!..
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА



