Барлық ем өзімізде жасалады

   Соңғы жылдары Атырау медицинасы серпінді дамып келеді. Жыл сайын өңірімізде бұрын болмаған ең күрделі оталар жасалуда. Атап айтқанда, бес негізгі мекеме осы бағытта жұмыс атқарып келеді. Олардың ішінде облыстық аурухана, кардиологиялық орталық, перзентхана мен көз аурулары, балалар ауруханаларында республикалық деңгейде жасалатын оталарды өңіріміздегі дәрігерлердің өздері жасауы үлкен жетістік. Бұл – Ұлт жоспарында белгіленген нақты қадамдардың іс жүзінде көрініс тауып отырғандығы.

    Аймақта 29 күндізгі емделу мекемесі бар. Онда әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау және оны емдеу әдістерін аз уақытта жүргізу мақсатында жаңа жабдықтар алынған. Емханалардың да құралдары заманауи талаптарға сай. Бүгінде толықтай жөндеуден өтіп, іші-сырты жаңарған. Бір сөзбен айтқанда, басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін жайлы орындар жасақталған. Өңірдегі медицина саласының дамуы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асқан игілікті жобалар екенін де айта кеткеніміз жөн. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровпен әңгімелесу барысында негізінен осындай игілікті істердің куәсі болдық. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, аталмыш саладағы басты мәселе – мамандар тапшылығы. Күні бүгінде өңірімізге 144 дәрігер керек. Соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер, гинеколог, анестезиолог, неонотолог, дерматолог, окулист, лор мамандары аса қажет болып отыр.

 – Мамандар қажеттілігін шешу үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Республикадағы медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарымен келісім-шарт жасалды. Қазіргі кезде сексен бес дәрігер жұмысқа жолдамамен келейін деп отыр. Сол кезде негізгі мәселені жартылай шешеміз. Сондай-ақ, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында алты жылдан бері ауруханалар мен перзентханаларға шетелдің, еліміздің алдыңғы қатарлы мамандары тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Мәселен, облыстық перзентханаға гинеколог, неонотолог мамандардың жиі келіп, шеберлік сыныптарын өткізуі нәтижесінде соңғы төрт жылда бала өлімі республикалық деңгейден төмендеді. Сондай-ақ, бір кездері көпшілік жиі шағымданатын жедел-жәрдем көліктерінің де мәселесі өткен жылы бір ретке келтірілді. Жиырма автокөлік беріліп, қазіргі күні әр шақырушыға медициналық топ уақытылы жететін мүмкіндікке ие болып отыр,- дейді Аманбек Қабдешұлы.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз