Жарнама
Медицина

Атырауда жүрегі әлсіреген жүкті әйел аман қалды

Атырау облыстық перинаталдық орталығының тәжірибелі мамандары тағы бір күрделі медициналық жағдайдан ананы да, сәбиді де аман алып қалды. Бұл жолы дәрігерлер перипартальды кардиомиопатия диагнозы қойылған жүкті әйелге жоғары тәуекелді ота жасады. Әлемдік медицинада сирек кездесетін бұл патология – ана өміріне тікелей қауіп төндіретін ең ауыр жүрек ауруларының бірі саналады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Махонованың айтуынша, 38 жастағы жүкті әйелдің жүрек ақауы алғаш «Кардиомед» орталығында анықталған. Кейін ол кардиологиялық ауруханада ем қабылдағанымен, жүктіліктің 29 аптасында жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы көтерілген. Телемедицина шешімі бойынша науқас Атырау облыстық перинаталдық орталығына шұғыл түрде жеткізілді.

Орталыққа түскен сәттен бастап болашақ ананың өмірі дәрігерлердің үйлесімді жұмысына тәуелді болып, оның жағдайы «Кардиомед» және Кардиологиялық орталық мамандарының тұрақты бақылауына алынды. Әр шешім — медициналық дәлдік пен тәжірибенің нәтижесімен өлшенді.

Күрделі операцияны Кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Ж.Қадіров, перинаталдық орталықтың анестезиологтары және акушер-гинекологтары бірлесіп жасады. Командалық әрекет пен кәсіби үйлесімнің арқасында әйелдің жүрек соғысы тұрақтандырылып, ота сәтті өтті.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауыр жағдайлар сирек кездескенімен, соңғы жылдары аймақтағы медицинаның дамуы, заманауи жабдықтар және мамандар арасындағы саларалық ықпалдастық аналардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай әрбір сәт – ақ халатты абзал жандардың кәсіби шеберлігінің, жауапкершілігінің және адам өмірін қорғауға арналған миссиясының айқын көрінісі болса керек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button