
Атырау жедел медициналық жәрдеміне жаңа басшы келді
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Айбек Орынбасарұлы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Айбек Орынбасарұлы — денсаулық сақтау саласында 13 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман, кәсіби ұйымдастырушы және жоғары жауапкершілік иесі.
Ол еңбек жолын 2012 жылы Атырау облыстық балалар ауруханасында дәрігер-статистик болып бастап, кейін ұйымдастыру-әдістемелік бөлімнің басшысы және директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2018–2023 жылдары «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Атырау облыстық филиалының директоры, ал 2023 жылдан бастап «С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау деректер орталығы» Атырау облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.
Айбек Орынбасарұлы – басқару мен заманауи менеджменттің үздік тәжірибесін меңгерген, инновация мен тиімділікті басты қағида еткен маман. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Ол жаңа қызметінде жедел медициналық көмек сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу, және саладағы тиімді басқару жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


