
Ақ халатты абзал жандарға артылған сенім
Биылғы халыққа арналған Жолдау елдің әлеуметтік дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттыруды көздейтін маңызды тарихи құжат ретінде қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтіп, бұл салада жүйелі реформалар жүргізу қажеттігін нақты айтты. Бұл – біз сияқты жедел жәрдем қызметінде күн сайын халықтың жанында жүрген мамандар үшін зор қолдау әрі үлкен үміт.
Жолдауда көрсетілгендей, медициналық көмектің сапасын арттыру, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту – қазір ең өзекті мәселе. Әсіресе, жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекақысын арттыру – сала мамандарына үлкен серпін беретін шаралар.
Біздің жұмысымыз адам өмірімен тікелей байланысты. Әрбір шақырту – жауапкершілік, әр секунд – адам тағдыры. Сондықтан Президенттің “денсаулық сақтау саласы қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың негізі болуы керек” деген сөзі әрбір медицина қызметкерінің жүрегінен шықты деп ойлаймын.
Жолдауда медицинаға цифрлық технологияларды енгізу, жедел жәрдем мен алғашқы медициналық көмекті біріктіріп, тиімді жүйе қалыптастыру туралы айтылған бастамалар да – уақыт талабына сай шешім. Бұл қадамдар нақты жүзеге асқанда, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.
Президенттің осы бастамалары медицина қызметкерлеріне жаңа дем, жаңа серпін сыйлады. Ең бастысы ел денсаулығы мықты, халқының өмірі қауіпсіз, болашағы жарқын болуы үшін біз бірлесе еңбек етуге дайынбыз.
Қуандық СӘРСЕМБАЕВ,
Құрманғазы аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшері



