АЛҒАШҚЫ КӨМЕК – ЕҢ ІЗГІ МІНДЕТ

Әлемнің көптеген елдерін-де халыққа алғашқы көмек көрсетудің Дүниежүзілік күні атап өтіледі.
Ал, бұл күн Қазақстанда 1966 жылдан бері аталып келеді. Осы айтулы күнге орай ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Атырау облысы филиалының ұйымдастыруымен қаладағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының базасында акция өткізілді. Оған қаладағы емдеу орындары, жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері, мектеп оқушылары, қала тұрғындары қатысты.

ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Атырау облысы филиалының директоры Айгүл Құлтанованың айтуынша, Бүкіләлемдік алғашқы көмек көрсету күнінің мақсаты, яғни, төтенше жағдайлар: қарулы қақтығыстар, жер сілкіну, өрт, тасқын су, жол апаты, басқа да тосын оқиғалардан зардап шеккен халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету болмақ.
–Сондықтан, біз осы ретте адамдарға қандайма бір төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін, өзіне және өзгеге қалай көмектесу қажеттігін үйретеміз. Кез келген адам бізге келіп, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуді үйрене алады. Бізде мұндай курстардан бірнеше мыңдаған адам өтті,-дейді ол.
Осы аталмыш күнге орай өткізілген оқу-жаттығуда мекеме, ұйымдар арасында темір жол ауруханасының дәрігерлері, Атырау медициналық колледжінің студенттері ерекше белсенділік танытты. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге келген медколледж студенттері дәрі-дәрмек қобдишаларымен қамтылды. Олар тұрғындардың (оқушылар мен студенттер) түрлі алған жарақаттарына (шартты түрде) алғашқы медициналық жәрдем көрсетті. Сонымен бірге, санитарлық-ағарту жұмыстарын да жүргізді.
Әсіресе, дәрігер Мәжит Дүйсеновтің әріптестерімен бірге оқу-жаттығу кезінде көрсеткен медициналық көмектеріне көпшілік тәнті болды.
– Біздің жұмысымыз гуманитарлық көмек көрсетумен байланысты. Түрлі төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетеміз. Әлеуметтік әлжуаз топтар – жалғызілікті қарттар, жетім балалар, көп балалы отбасылар, үй-жайы жоқтар үшін көмектесеміз, – дейді ерікті жастар арасындағы жұмыстарды үйлестіруші Мөлдір Зайырова.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз