АККРЕДИТАЦИЯДАН ӨТУ – жоғары қызмет сапасының кепілі

Медициналық мекемелерді аккредитациялау республика аумағындағы денсаулық сақтау саласы ұйымдары тарапынан көрсетілетін медициналық көмек сапасының кепілі болып табылады.
Медициналық көмек сапасын ұдайы жақсарту – мемлекет ұстанған саясаттың басты талаптарының бірі. Тұтастай алғанда денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан бақылау фармацевтикалық қызмет, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялау, денсаулық саласын аккредитациялау, аттестациядан өткізу, дәрілік заттарды, құрал-жабдықтарды, адам саулығына кері әсер тигізетін өзге де өнімдер мен нәрселерді мемлекеттік тіркеу, кері тіркеу және тіркеу заңдылықтарына қатысты өзгерістер енгізу, салаға қатысты тауар мен қызметтің бекітілген техникалық регламентке, келісім-шартқа және стандарт бойынша нормативтік құжаттарға сай болуын растау, денсаулық саласы мемлекеттік ұйымдары көрсететін қызмет пен дәрілік препараттардың бағасын мемлекеттік тұрғыда қадағалау секілді іс-шараларды жүргізу бойынша жүзеге асады.

ISQua Халықаралық Денсаулық сақтау қауымдастығының талаптарына сай, аккредитация – көрсетілетін қызметтің жоғары дәрежеде екендігін бағалау жүйесі. Ол медициналық мекемелер үшін сала мамандарының бекіткен стандарттарына сүйене отырып жүргізіледі. «ҚР Халық саулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің баптарына сай, саланы аккредитациялау негізінен денсаулық сақтау саласы субъектілері, дәрілік препараттар мен медициналық техниканың салаға қатысты стандарттар мен талапқа сәйкестігін қадағалайды. Сондай-ақ, аккредитациядан өту-өтпеу медициналық мекеменің өз еркінде. Өйткені бұл емдеу мекемесінің дәрежесі мен көрсететін қызметтерінің сапасын анықтап береді. Ол субъектілердің қаржысы есебінен, сонымен қатар тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы жүргізіледі. 
Субъектіні аккредитациялау өкілетті орган бекіткен талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Жеке тұлғаларды аккредитациядан өткізу олардың біліктілік дәрежесін кешенді бағалау түрінде жүргізіледі. Ал, оны өткізуге жауапты тәуелсіз сарапшыларды құзыретті орган бекітеді. Тұтастай аккредитацияны өткізетін ұйым не мекеме құзыретті органның аккредитациясынан өткен болуы шарт.
Жалпы, денсаулық сақтау саласын аккредитациядан өткізу ісінің ел аумағына енгізілуі 2005-2010 жылдарға арналған саланы дамыту және реформалауға қатысты мемлекеттік бағдарлама мен дүниежүзілік банктің «2008-2013 жылдарға арналған ҚР денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен институционалды реформаларды енгізу» жобасының шеңберінде жүзеге асты. Кешенді жоспарланған жұмыс түрлеріне сай, 2009 жылы стационарлы, амбулаторлы-емханалық және жедел медициналық көмек көрсететін мекемелерді аккредитациядан өткізуге қатысты мемлекеттік стандарт талаптары жасақталды. Сонымен қатар, осы жылдың екінші жартысында-ақ салаға қатысты мекемелерді аккредитациялау жұмысы қолға алынып, алғашқы легі өткізілді. Республика көлемінде кеңінен жүргізілген бірінші ұлттық аккредитацияның көрсеткіші бойынша бір жылға аккредитациядан өткен мекеме саны 1328 болса, екі жылға өткендері – 277, үш жылдық аккредитациядан сегіз, төрт жылдықтан 262 мекеме өткізілген. Сонымен қатар, 40 медициналық мекеменің сараптама талаптарына сәйкес еместігі анықталған.
Ел Президентінің дәстүрлі Жолдауы жарық көргеннен кейін денсаулық сақтау саласына шетелдік озық технологияны сатылап енгізу ісінде айтарлықтай ауқымды жұмыстар жолға қойылды. Осынау жаңашылдықтарға сәйкес, аккредитациядан өткізудің ұлттық стандарттары да жетілдіріліп, медицина саласының сапасын жақсарту мен қауіпсіздігін арттыру жолындағы халықаралық талаптар енгізілді. Бұл өзгертулер сәйкесінше өткен жылдың қазан айында Денсаулық сақтау министрімен бекітіліп, бұл күнде кеңінен қолданысқа енгізілген.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасындағы медициналық мекемелерді аккредитациялауға қатысты заң талаптары халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл жөнінде ISQua Халықаралық Денсаулық сақтау қауымдастығының атқарушы комитеті 2012 жылы арнайы шешім қабылдаған болса, үстіміздегі жылдың ақпан айында қазақстандық стандарттарға халықаралық дәрежедегі статус берілген.
Жалпы, халық саулығы мен медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын көздеген бұл бағыттағы бағдарламалардың қай-қайсысы да Заң талаптарына сай жасақталған. Ал, аккредитациядан өткізудің кейбір стандарттық нормалары дүниежүзілік тәжірибеге сай жүзеге асырылып келеді. Сайып келгенде, бұның барлығы тұтынушы, яғни, науқастар мен емделушілердің құқығын қорғау мақсатындағы жұмыстар болып табылады.
Тағы бір айта кетерлігі, аккредитациядан өту – медициналық қызмет сапасының жақсаруының кепілі. Дәрігерлік көмекті дұрыс ұйымдастыру, адами ресурстарды басқару, қызмет көрсетудің сапасы, науқастың қауіпсіздігі, сала қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру, қажетті дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтылуын қадағалау, ішкі аудит жұмысының дұрыс жүргізілуі сынды сәйкесті талаптарға сай болу, сөз жоқ, саланың заманауи бағытта дамуына себепші болады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығы тарапынан ел аумағындағы медициналық мекемелерді аккредитациядан өткізу кезінде арнайы инспекторларды дайындау ісі жоспарлы түрде жолға қойылып, тәуелсіз сарапшылар туралы мәліметтер жинақталған банк құрылды. Осы орайда 2012 жылы 740 маман оқытылса, оның 160-ы – инспектор, 580-і – сапаны бақылаушы-үйлестіруші.
Сәйкесті министрліктің арнайы бұйрығына сай құрылған аймақтық сарапшы топтар аккредитациядан өтуі тиіс мекемелердің жалпы талапқа сай болуын қадағалайды. Жоғарыда айтылғандай, дайындықтан өткен топ мүшелерінің қатарында координатор-үйлестіруші ретінде ҚРДСМ медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау департаменттерінің аймақтық басшылары таңдалынды. Осы топтың атқарған жұмыстарының нәтижесінде медициналық мекемеге қатысты барлық мәліметтер сарапшылар жасақтаған арнайы электронды бағдарламаға енгізіліп отырады. Бұндай қадам да өз кезегінде жұмыс нәтижесінің жоғары болуына септігін тигізетіні анық.
Айтып өтерлігі, кепілді, тегін медициналық көмек түрлеріне қатысты мемлекеттік тапсырыстарды жариялаған тұста аккредитациядан өткен мекемелер басымдыққа ие болады. Ал, бұл тексеруге қатынасуға ниет білдірген кезкелген жеке медициналық ұйымдар мамандарын тиісті оқу курстарынан өткізген соң, аккредитациялық ұйымға тапсырыс бере алады.
Қазіргі таңда Атырау облысында Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының мамандарынан құралған сарапшы топ жұмыс жасауда. Аккредитациядан өтуі тиіс мекемелердің барлық басшылары мен жауапты тұлғалар үшін арнайы жиындар ұйымдастырылды. Бұл ретте облыстағы медициналық мекемелердің аккредитациядан өтуге белсенділік танытып, бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екендіктерін баса айтқанымыз жөн.
Бүгінгі күні Атырау облысының 11 медициналық мекемесі аккредитациядан өтуде. Олар: Мақат, Исатай, Жылыой, Қызылқоға аудандық орталық ауруханалары, Дамбы дәрігерлік амбулаториясы, Жылыой аудандық емхана, қалалық №1, №2, №5, №7 және Еркінқаладағы дәрігерлік амбулатория. Аккредитация 16 қыркүйекте басталып, 11 қазанда аяқталады деп жоспарланған. Сәйкесінше, жүргізілген талдау жұмыстарының жан-жақты нәтижесі бағдарламаға енгізіліп, арнайы құрылған комиссия әр мекемеге қатысты жеке, әрі нақты шешім шығаратын болады.

Елдеш ҚОСМАҒАМБЕТОВ,
Атырау облысы бойынша аймақтық
бақылаушы-үйлестіруші.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз