Ақшадан ауру жұға ма?

photo 145398 Жаңалықтар

Елімізде «Қазақстанда кәдімгі ақшадан ауру тарала бастады» деген ақпарат жария болды. Алматылық дәрігерлер көзге көрінбейтін бактериялардың менингит, туберкулез секілді соңы өлімге әкелетін дерттерді туғызатынын айтып дабыл қағуда. Бір қарағаннан-ақ банкноттарда  ауру қоздырғышы барын аңғару қиын. Сонда оның алдын алу үшін қайтпек керек? Купюрада біз білмейтін тағы қандай бактериялар бар? Тазалық талаптарын қалай сақтаған жөн?

photo_145398

Сіз не дейсіз?

Айдана ЕРТІЛЕУОВА, Атырау қалалық №5 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:

«Таза қол» – тиімді тәсіл

­­­­­­­­­­­­­­­­­­Шетелдік ғылыми зерттеулерде купюралардан ішек таяқшасы, стафилокок, туберкулез қоздырғышы секілді бактериялар анықталды. Ал, Ұлттық сараптама орталығының Алматы қалалық филиалымен жүргізілген зерттеу нәтижесінде ақша купюраларында менингит, туберкулез, стрептокок сияқты бактериялар мен аскаридоз, энтерибиоз паразитарлық аурулардың қоздырғыштары шықты. Бұлар ақшаның бетінде біраз уақыт өмір сүреді. Мұндай жағдайда қоздырғыштардың жұғуының алдын алудың ең басты шарасы – «таза қол» ережесін сақтау. Тамақтанар алдында немесе ас даярламас бұрын қолды мұқият сабынмен жуып, түрлі антисептикалық құралдарды пайдалану қажет.

Айнагүл  СӘРСЕНҒАЛИЕВА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

Сілекейлеу әдетінен арыл!

Көптеген дамыған мемлекеттерде ақшадан жұғатын аурудың алдын алу үшін заманауи пластикалық карталарды пайдаланса, Жапон елі банкоматтарда 200 градус жоғары температурада дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Адамдарда купюраны санаған кезде саусақты сілекейлеу әдеті бар, бұл жағдайдан мүлдем арылған жөн. Банкноттар күніне бірнеше адамның қолынан өтеді. Сондықтан, ескі ақшаларды ұзақ уақыт әмиянда ұстау да қауіпті.

Біздің облыста бүгінге дейін ақша купюрасында өмір сүретін микроорганизмдерді анықтау мақсатында арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ. Дегенмен, әркім саулығы үшін аталған гигиеналарды қатаң ұстанғаны абзал.

Ербол УАХИТОВ, Атырау қаласының тұрғыны:

Балаңызға ТЕҢГЕ  бермеңіз

– «Ақша – қолдың кірі» деп жатамыз. Расымен де, бұл сөздің тура мағынасы солай екен. Яғни, көзге тап-таза болып көрінгенімен, банкноттардың қай-қайсысында да бактерия қаптап жүретіні анық. Ақша айналымда неғұрлым ұзақ жүріп, қолдан қолға өтіп жатса, ондағы ауру тудырғыштар да соғұрлым артады. Сондықтан, инфекцияны өзгеден тез қабылдап алатын балаларға банкноттарды ұстатпауды әдетке айналдырған жөн.

P.S. Міне, күнделікті қалтамызда жүретін ақшаның зияны осындай. Бірақ, біле тұра біз одан бас тартпаймыз. Десек те, тазалық – денсаулық кепілі екенін естен шығармасақ екен.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Анықтама:

 Оксфорд университеті ғалымдарының  зерттеуінше, Еуропа елдерінің банкноттарында  «экологиялық таза» деп евро, норвегиялық крона мен британдық фунт стерлинг танылды. Бұларда бактериялардың аз болуының себебі – аталған ақшаларды шығарар кезде микробтарға қарсы арнайы затпен тазалайды

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз